Риддердегі орталық көшеге Абай есімі беріледі – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясында бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәслихат сессиясы бұған дейін бекітілген 2021 жылға арналған бюджетке өзгерістер енгізуден басталды. ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың айтуынша, қосымша қаражат аймақ үшін маңызды мәселелерді шешуге жұмсалады. Мәселен, «Шығыс - Адалдық алаңы» жобасы аясында 10 ауылға «Ашық әкімдік» форматында қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуге 38,9 млн теңге бөлінген.

«Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша 29,7 млн теңге көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыруға бағытталатын болады. Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларды еске алуға арналған монумент жасауға 17 миллион теңге жұмсалады», - деді Сәуле Ұлақова.

Күн тәртібінде Өскемен және Риддер қалаларының кейбір көше аттарын өзгерту, сондай-ақ автобус паркін жаңарту сияқты басқа да мәселелер қаралды.

«Өскемендегі Менделеев көшесі танымал металлург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бағдат Шаяхметовтың есімімен аталады. Ол да «ӨТМК» АҚ басшылығы кезінде отандық металлургияны дамытуға елеулі үлес қосты. Риддердегі Островский атындағы орталық көшеге Абай даңғылы атауы берілді. Абай есімімен аталатын тағы бір көше осы қаланың тумасы, Кеңес Одағының Батыры Сергей Гуляев көшесі деп аталатын болады», – деді ШҚО Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Роза Төлемісова.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл ретте ғалым Дмитрий Менделеевтің есімі ұмытылмайтынын атап өтті.

«Тағы бір көше химик-ғалым Менделеевтің есімімен аталады. Бұны республикалық комиссия мақұлдап отыр. Қалалық мәслихаттың келесі сессиясында осы сұрақ қарауға шығарылады», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар