Риддерде «Smart city» жобасы іске қосылады

None
None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанның әкімі Даниал Ахметов «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесіп, облыста «ақылды қала» жобасын енгізу барысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Smart city – бұл азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында инновациялық технологияларды енгізіп, қала инфрақұрылымын арттыруға бағытталған жоба. Яғни, қалалардағы денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс және ТҮКШ нысандарында орнатылған бірыңғай бейнебақылау жүйесі цифрлы мәліметтер жинақтауға мүмкіндік беріп, ақпараттық басқаруды оңтайлантыра түседі.

Кездесу барысында облыс әкімі цифрлық технологиялардың басымдықтарын тілге тиек ете келе өңірде «ақылды қаланың» модельді жобасын енгізуді ұсынды.

«Жобаны Риддер қаласынан бастағанымыз орынды. Өйткені бұл қаланың инфрақұрылымы өте күрделі. Егер жүйе Риддерде сәтті жүзеге асырылса, өзге қалаларда техникалық кедергілер мен ақаулар кездеспейді», - деді Даниал Ахметов.

Компания сарапшыларының айтуынша, Smart city жүйесі Риддер қаласындағы әлеуметтік нысандарды бақылаумен қатар, экологиялық қауіпсіздік сараптамасын арттырады. 546 көп пәтерлі тұрғын үйде, 15 мектеп пен 100-ден астам құрылыс нысанында орнатылған бейне камералары электронды басқару жүйесін арттырып, 10 экологиялық сараптау станциялары ауаның ластануы туралы ақпарат таратады.

Айта кетсек, облыс аумағында «Цифрлы Қазақстан» сандық технологияларды енгізу мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Әлеуметтік нысандар мен қала көшелерінде цифрлы бақылау камералары орнатылып, жұмыс істеуде.



Соңғы жаңалықтар