Риддер тұрғынынан қару-жарақ арсеналы тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғынынан автоматтар, тапаншалар мен граната тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. Мұндағы мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз айналымдағы атыс қаруларды анықтау.

Шара барысында полицейлер Риддер қаласында 46 жастағы ер адамның үйін тексеру кезінде заңсыз сақталған қару-жарақ арсеналын тапты. Нақты айтқанда, 9 мм калибрлі қолдан жасалған тапанша, Калашников және «ППШ» автоматтары, «ТТ» маркалы тапанша, «Тирэкс» маркалы тапанша-пулемет, Ф-1 оқу гранатасы, екі пневматикалық қару мен оқу-дәрілер тәркіленді. Бұл қарулар заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.

«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.


Соңғы жаңалықтар