Ревакциналау ұғымы медицинада бұрыннан бар – дәрігер пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жанұя» отбасылық амбулатория директорының орынбасары Замира Борлықбаева коронавирус инфекциясына қарсы ревакциналаудың маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ревакцинация жөнінде соңғы қаулы бойынша бір ғана шешім қабыланды – азаматтар 6 айдан кейін қайта вакциналануы тиіс. Оған дейін «Спутник» вакцинасын алғандар 9 айдан кейін, QazVac, Hayat, Sinopharm алғандар – 6 айдан кейін ревакцинация жасайды деп айтылатын. Ал қазір қандай вакцина алса да, 6 айдан кейін қайта вакцина салуға болады. Қазіргі таңда ревакциналау үшін QazVac, Verocell, және 60 жастан асқандар мен медициналық қызметкерлерге – Phizer вакцинасы тегін қолжетімді. Мұнда бірінші кезеңде қандай вакцина салынғаны маңызды емес», - деді дәрігер ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, ревакциналау бірінші және екінші компонент вакцинасынан қалыптасқан иммунитет деңгейін нығайту үшін қажет.

«Ревакциналау ұғымы коронавирус кезінде пайда болған жоқ. Мысалы жаңа туған балаларға «АКДС» вакцинасы екі айлығында, үш айлығында, төрт айлығында үш рет салынады. Бір жарым жасында бірінші ревакциналау және алты жасында екінші ревакциналау болады. Одан кейін 12 және 16 жасында, кейін әр 10 жыл сайын салынып отырады. Яғни медицина үшін ревакцинация ұғымы бұрыннан бар. Өйткені уақыт өте келе антиденелер өз күшін жоғалта бастайды, ревакциналау ағзадағы ұмытылған антиденелерді қайта жандандырады», - деп түсіндірді спикер.

Жалпы вакциналау кезінде коронавирустың өзі емес, бөлшектері, вирус белогы ағзаға енгізіледі. Иммуниет онымен жақсы танысып, бөгде затқа алдын ала антидене құра бастайды. Аурудың жеңіл өтуі осыған байланысты. Ал вакциналау мен ревакциналауды құнттамай жүргендердің азғасына вирус бейтаныс болады, антидене түзілгенше вирус өкпелерді зақымдап үлгереді.

«Эдпидемиологтардың болжауынша, аурудың шарықтау шегі наурыз айында байқалуы мүмкін. Бұл туралы ел арасында қауесет бар, дәрігерлер алдын алдын ала қайдан жорамал жасайды, өздері вирус шашатын шығар деген ойлар бар. Вирус тек тірі ағзада ғана өмір сүреді, оны тағам немесе басқа зат арқылы шашу мүмкін емес. Адамзаттың өзі де ондай шараға бармайды. Ал мамандар әлем бойынша ахуалды, елдерді, мәліметтерді сараптап, математикалық алгоритм арқылы осындай жорамалдарды жасайды. Біз де ауруды жеңіп, күнделікті жұмысымызға оралуды армандаймыз. Өйткені, дәрігерлер арасында да аурушаңдық көбейді, біздің ауруханаға күніне 100 адамнан ПТР оң нәтижесі анықталып жатыр. Әдетте бұл көрсеткіш 20-30 дан аспайтын. Сол үшін мобильді топтар жұмылдырылып, 24 сағаттық жұмыс режиміне ауысты. Сондықтан, халықты сақтық шараларына шақыру өте маңызды», - деді Замира Борлықбаева.

Бұған дейін З. Борлықбаева «Омикрон» штамының басты белгілері – буын мен бұлшықеттің қақсап ауыруы, әлсіздік пен құрғақ жөтел екенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар