Республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге 100 мыңдай жұмысшы тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл республикалық маңызға ие жолдарды салу және қайта жаңартуға қатысты жобаларды іске асыруға 400 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл автомобиль жолдарының 2,6 мың шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр», - делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Атап айтқанда, мына жолдарда қозғалыс ашылады: «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай», «Ақтөбе-Атырау-Астрахан», «Талдықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Меркі-Бурылбайтал», «Үшарал-Достық», «Ұзынағаш-Отар», «Көкшетау-Петропавл-Қорған», «Қостанай-Денисовка».

Жалпы алғанда, автомобиль жолдарының 4 мың шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Республикалық және жергілікті жол желілеріндегі жол-құрылыс жұмыстарына 100 мыңға тарта адам тартылмақ. Іске асырылып жатқан жобалар аясында жұмысқа жол-құрылыс техникасының 10 мың бірлігі, 77 ұсақтау қондырғысы, 57 бетон және 87 асфальт-бетон өндіретін зауыт жұмылдырылған.

«Республикалық маңызға ие жолдардың техникалық жағдайын қалпына келтіру және күтіп ұстау үшін автомобиль жолдарының 1,5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бұл мақсатқа 59 млрд теңге қарастырылған. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу аясында маңызды жобаларды іске асыру жұмыстары жалғастырылады. Олардың арасында Батыс Қазақстан облысындағы жалпы ұзындығы 280 шақырымды құрайтын автожолға асфальт-бетон жабындысын төсеу жобасы бар», - деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

Сонымен қатар, биыл Алматы қаласы маңындағы «Алтын орда» базары ауданында автожол учаскесін кеңейту жұмыстары аяқталады.

Осылайша, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық автожолдар үлесі биыл 89 пайызға дейін жеткізіліп, І және ІІ санаттағы жолдар ұзындығы 36 пайызға дейін ұлғайтылмақ.

Өткен жыл қорытындыларында автомобиль жолдарының 641 шақырымында қозғалыс ашылған болатын.


Соңғы жаңалықтар