Республикалық үгіт-насихат штабының мүшелері Түркістанда жүр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Республикалық үгіт-насихат штабының мүшелері облыс активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері Түркістан облысына арнайы келіп, өңір жұртшылығына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Рухани мекенге табан тіреген штаб мүшелері ең алдымен облыс активімен кездесіп, ақпараттық-ағарту штабын құрудың қоғам алдындағы маңызын түсіндірді.

Адалдық қағидаттары кең көлемде дәріптелген келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, Республикалық үгіт-насихат штабының мүшесі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілі А.Бердалин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Х.Көшқалиев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.

Кездесу барысында ел ішімен етене араласып, халық үніне құлақ түруді көздеген штаб мүшесі А.Бердалин мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін бәсеңдетіп, ел экономикасын тұралататын қауіпті дертке қоғам болып қарсы тұру қажеттігін атап өтті.


Сондай-ақ, парасат – ашық әрі адал қоғамды қалыптастыруға негіз болатын құнды қасиет екенін жіті түсіндіріп, атадан қалған асыл құндылықтарды дәріптеу арқылы әлеуметтік кеселдің алдын алу – бүгінгі күннің басты талабы екенін тілге тиек етті.

Ашық диалогтық форматта өрбіген ағартушылық жиында С.Қалқаманов сөз алып, игілікті іске құрылған үгіт-насихат штабының мемлекет алдындағы маңызын айрықша атап өтті.
Халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған баянды бастаманың ұлттық құндылықтармен сабақтасып жатқанын аңғарған жиынға қатысушылар агенттіктен арнайы келген қонаққа өз сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.

Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында өз жұмысын бастаған республикалық ақпараттық-ағарту штабының Түркістан облысындағы мүшелері де облысқа қарасты аудан-қала тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, бүгінгі күні түсіндіру әрі насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.


Соңғы жаңалықтар