Республикалық маңызы бар жол бойында 400-ден астам санитарлық торап орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ​5 жылда республикалық жол бойында 400-ден астам санитарлық торап орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында санитарлық-гигиеналық тораптардың 297 бірлігін орнату көзделген. Бұдан бөлек, жеке инвестициялардың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар 128 жанармай құю бекеті тұрғызылады деп күтілуде», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналында жарияланған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, биыл қайта жаңарту жұмыстарының аясында «Шортаңды-Зеренді», «Қарағанды қаласының айналма жолы», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Жетібай-Жаңаөзен», «Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолы», «Ұзынағаш-Отар», «Өскемен-Рахман қайнары» мен «Петропавл-Қорған» автожолдарында 22 санитарлық торап қойылады. 2021 жылы санитарлық-гигиеналық тораптың 40, 2022 жылы – 50, 2023 жылы – 55, 2024 жылы – 65 және 2025 жылы - 87 бірлігі орнатылады деп жоспарлануда.


Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында жеке инвестициялардың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар Compass, ҚазМұнайГаз, Helios, Sinooil және Kaztransgas сияқты компаниялардың 128 жанармай құю бекеті қойылады.

Бүгінгі таңда «Алматы-Қорғас», «Алматы-Ташкент», «Самара-Шымкент», «Ақтөбе-Мартық», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Өскемен», «Екатеринбург-Алматы» мен «Доссор-Ақтау теңіз порты» автомобиль жолдарында 18 жанармай құю бекетінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басты назарында», - деді министрліктен.

Еске салайық, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автожолдардың ақылы учаскелерінде жеке инвестициялар есебінен санитарлық-гигиеналық тораптары бар модульдік павильондарды орнату бойынша конкурс жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар