Республика бойынша әліпби нұсқаларын жалпыхалықтық талқылау өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы 14 ақпанда республика бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша ашық талқылау шарасы өтеді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараның мақсаты – орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген әліпбидің жетілдірілген нұсқалары мен өзге де ұсынылған әліпби жобаларын талқылау.

Республика көлемінде барлық өңірлерде өтетін ашық талқылау жергілікті Тіл басқармалары арқылы ұйымдастырылып, оған филолог ғалымдар мен әдіскерлер, жоғарғы және орта білім беретін оқу орындарының тіл мамандары қатысады.

Талқылау барысында ұсынылған қорытындылар мен ұсыныс, пікірлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінде жинақталып, оған мониторинг жүргізіледі.

Мониторинг қорытындылары Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Терминологиялық, Әдістемелік, Сараптама және Техникалық сүйемелдеу топтарының бірлескен кеңесіне ұсынылып, талқыланады.

Жұмыс тобының ғалымдары ұсынылған әліпби жобаларын талқылап, ғылыми негіздемемен қорытынды шығаратын болады.


Соңғы жаңалықтар