Ресми сайттарға мониторинг жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мониторинг жүргізудегі негізгі мақсат – интернет ресурстардағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтау, жақсысын мақұлдап, кемшін тұстарын жоюға атсалысу. Бұл туралы «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында өткен республикалық семинарда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Тіл-Қазына» орталығына сілтеме жасап.
«Еліміз бойынша 890 интернет-ресурс бар екен. Біздің мақсатымыз – сол жердегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтау, жақсы тәжірибені қолдап, кемшіліктер болса, оларды жоюдың жолын бірлесіп қарастыру. Мониторинг жүргізу тұжырымдамасына сәйкес, бұл бағыттағы талаптарды күшейтеміз. Биылғы бір ерекшелік - қолданыстағы заңдардың кейбір нормаларына негізделген мониторинг жүргізудің бағалау критерийі әзірленді, енді тексерулер осы бойынша жүргізіледі. Жеткіліксіз нәтиже көрсетіп, төмен тәуекелдік деңгейіне жатқызылғандардың келесі жылы қайта тексерілуі қарастырылған»

, - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Аталған критерийлер сайтта қазақ тіліндегі контенттің берілу көлемі, яғни үлес салмағы көп болуын көздейді. Мемлекеттік тіл мәртебесінің асқақ болуына үлес қосып, тексеру қорытындысы бойынша жоғары балл жинағандар келесі жылы мониторингтен босатылады.

«Қазір жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларының, полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың (акционерлік қоғамдардың), екінші деңгейдегі банктердің, әуе компаниялары мен әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистерінің ресми сайттары, мобильдік қосымшалары қаралып жатыр. Бұлар – халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын салалар, яғни олардың әрбір сайты қазақ тілінде сөйлеген сайын ана тіліміз күнделікті тұрмысымыздың төрінде салтанат құрады деген сөз», - дейді ұйымдастырушылар.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызының айтуынша, мониторингтің қорытындысы бойынша талдаулар мен ұсынымдардан тұратын электронды жинақ шығарылып, қатысқан мекемелерге жолданады.

Ал, бүгін елордадағы көрмеге барған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақ тіліндегі кітаптардың көбейгені қуантатынын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар