Ресеймен шекарадағы 27 автомобиль өткізу бекеті қайта құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресеймен шекарадағы 27 автомобиль өткізу бекеті қайта құрылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің Парламент депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей Федерациясымен шекарадағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын дамыту және техникалық жабдықтау мақсатында 2020-2025 жылдары аралығында кезең-кезеңімен 27 автомобиль өткізу бекетін қайта құру жоспарланған. Шекараның екі жағындағы өткізу бекеттерін де дамыту үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасында өткізу бекеттерінің жұмысын іске қосу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылған», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің атап өтінше, аталған жоспар аясында Қазақстан тарапы Өткізу бекеттерін қайта құру жол картасын әзірлеп қол қойған. Аталған құжатта қайта құруды жүзеге асырудың нақты мерзімдері мен кезеңдері айқындалған.

«Бүгінгі күні аталған жол картасы РФ Көлік министрлігіне қол қоюға жолданған. Жол картасына сәйкес, Ресей тарапы «Сағаршын» өткізу бекетін қайта құруды 2020 жылы бастамақ. Ресей тарапы аталған жол картасына қол қойғаннан кейін барлық жұмыс көзделген тәртіппен жүзеге асырылатын болады», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының Үкімет басшысы атына жолдаған сауалында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сағаршын-Жайсан» өткізу бекетінің шекаралық өткелін кеңейту мәселесі көтерілген болатын.


Соңғы жаңалықтар