Ресейге қырыққабатты экспорттауға тыйым салынған ба - ҚР АШМ жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров «қырыққабатты Ресейге экспорттай алмай отырмыз» деген тақырыппен кешелі бері әлеуметтік желіге тараған видеоға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар БАҚ беттерінде «қырыққабатты шет мемлекетке сату туралы тыйым салыныпты» деген сыңайда ақпарат тарап жүр. Иә, ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз ету мақсатында қырыққабатты экспорттауға тыйым салынды. Бірақ бұл тыйым Қазақстан аумағынан тек үшінші елдерге қырыққабатты экспорттауға қатысты болып отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі елдерге, оның ішінде Ресейге қырыққабатты экспортқа шығаруға ешқандай шектеу қойылған жоқ. Бұл мәселені көтеріп отырған адамдар құжаттарды дұрыстап оқыса дейміз. Онда анық жазылған», - деді Айдарбек Сапаров бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режімде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр 6-7 сәуір аралығында фермерлерден 105 өтінім келіп түскенін, оның бәріне 1702 тонна өнімнің сертификаты берілгенін жеткізді.

«ЕАЭО аясында ешқандай тыйым болмайды. Бүгін біз Түркістан облысының әкімдігімен ел ішін қырыққабатпен қамтамасыз етуге қатысты келісімге келіп жатырмыз. Ал артылған өнім экспортқа шығарыла береді. Ресейге өнімін шығарғысы келген азаматтардың бәріне фитосанитарлық сертификат береміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар