Ресейде құс тұмауының өршуіне байланысты СҚО-да алдын алу жұмыстарын жүргізіліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Ресейдің шекаралас өңірлерінде құс тұмауының белең алуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысында аурудың алдын алуға бағытталған жұмыстар қызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, Ресейде құс тұмауы өршіген. Жергілікті мамандар ондағы эпизотикалық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бүгінге дейін көрші елде құс ауруы бойынша жайсыз аймақ ретінде 11 елді мекен есепке алынса, соның 7-уінде жабайы құстар қырылған. Оның ішінде өңірмен шекаралас Түмен облысы да бар. Бұл аймақта құс тұмауының екі жағдайы тіркелді. Қауіпті дерт жабайы және үй құстарынан да анықталған.

«Қауіпті ауру біздің өңірге де келуі мүмкін. Өкінішке орай өткен жылы да құс тұмауы бізге Ресейден келген еді. Былтырғы эпизоотикалық жағдайды ескере отырып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Аурумен күресудің тиімді тәсілі - вакцинация. Жыл басынан облыс бойынша тұрғындардың 556 мың құсына екпе егілді», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраев.

СҚО-да жыл соңына дейін тағы 554 мың құсқа вакцина салу жоспарланған. Ал құс фабрикалары вакцинацияны өз қаражатына жүргізуге міндетті. Кәсіпорындарда иммундау жұмысы аяқталды. Базарлар мен сауда орындары бақылауға алынған.

«Екінші жарты жылдыққа жоспарланған вакцина өңірге қазір келе жатыр. Бір айлық балапандарға дейін екпе егеміз. Қазіргі уақытта Түмен облысымымен шекара бекеті жабық. Қалған бекеттерімізде біздің ветеринар мамандарымыз жұмыс істейді. Жалпы жыл басынан ветеринарлық шектеулерді бұзуға қатысты 4 факті анықталды. Ресейден әкеле жатқан өнім шекарадан кіргізілмеді», - дейді Марат Ибраев.

Былтыр СҚО-да құс тұмауы 12 ауданның 54 мекенінде тіркелді. Жалпы өңірде 1,5 млн құс қырылды. Биыл маусымда Айыртау ауданында жабайы құстарда ауру анықталған еді. Ветеринарлар құс тұмауынан өлген 104 құсты жинап алып, жойды.



Соңғы жаңалықтар