Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытаймен шекарадағы бекеттер қашан жаңғыртылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктерінің инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру көзделген. Осылайша, Ресей Федерациясымен шекарада 2020-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен 27 автомобиль және 11 теміржол өткізу пунктілерін реконструкциялау жоспарлануда. Осы шараларды іске асыру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің арасындағы өткізу пунктілерінің жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары аясында жүргізіледі», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, аталған жоспарды іске асыру үшін министрлік реконструкциялаудың нақты мерзімдері мен жүзеге асыру кезеңдері айқындалған Өткізу пунктерін реконструкциялау жөніндегі жол картасын әзірледі және оған қол қойды. Ол Ресей Федерациясының Көлік министрлігінде қол қойылу сатысында.

«Аяқталуы осы жылдың соңына көзделген Қырғызстанмен шекарада «Қордай» өткізу пунктін реконструкциялау жоспарланған. Бұл ретте Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы қалған өткізу пункттерін реконструкциялауды 2025 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ 2020 жылдың соңына дейін бюджеттік қаражат есебінен Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Б. Қонысбаев» өткізу пунктін реконструкциялау және техникалық жарақтандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қытай Халық Республикасының Үкіметтік жеңілдік қарызы ауқымында Қытай Халық Республикасының (4 автомобиль және 1 теміржол), Өзбекстан Республикасының (4 автомобиль), Түркіменстан Республикасының (1 автомобиль) шекараларында 10 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жүргізу жоспарлануда»,- деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Сенат депутаттарының Премьер-Министр атына жолданған сауалында өткізу бекеттеріндегі кемшіліктер атап өтілген.

«Жағдайды жақсарту бағытында аздап ілгерілеушілік бар, оны айта кеткеніміз жөн, бірақ жалпы жағдай қанағаттанарлықсыз. Мемлекеттік шекара арқылы өтетін 27 теміржол өткізу пунктінің тек 4-еуі ғана белгіленген талаптарға сайкес келеді. Ресеймен шекарадағы 20 теміржол өткізу пунктінің инфрақұрылымы әлі де жөндеуді талап етеді. Бұл сөзсіз шекаралық бақылаудың сапасына әсер тигізеді. Автокөлік өткізу пункттерінің инфрақұрылымының талаптарға сай келмеуіне байланысты (барлығы 52, оның ішінде ҚХР шекарада – 5 және «Қорғас» ШЫХО-ның 1 өткізу пункті, ҚР - 7, ӨР - 8, ТР - 1, РФ - 30) Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарада жүк көлік құралдарынан кептелістер жиі болып тұрады», - деді сенаторлар.


Соңғы жаңалықтар