Ресей Федерациясы бөлген кедендік баж бойынша жоспар орындалмады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясы бөлген кедендік баж бойынша жоспар орындалмады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың артығымен орындалуына мындай факторлар әсер етті:

- 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда ағымдағы жылдың екі айында 653 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 83,5 пайызға немесе 211 млрд теңгеге ұлғаюы;

- ірі тау-металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар.

«Жалпы алғанда, жер қойнауын пайдаланушыларын әкімшілендіруден бюджетке қосымша 288 млрд теңге, оның ішінде тексеру актілерінің нәтижелері бойынша өндіріп алу есебінен 29 млрд теңге түсті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен осы жылдың 1 тоқсанында шикі мұнайға мөлшерлеменің 33 пайызға ұлғаюына, сондай-ақ АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының төмендеуіне байланысты болды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ойын бизнесіне салынатын салық бойынша жоспар салықтық тексеру актілері бойынша берешекті өтеу есебінен асыра орындалды.

Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2022 жылғы І тоқсанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 20 пайыз өсуі әсер етті.

«Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушыларды салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша шамамен 16,5 млрд теңге түсті. Дегенмен, ішкі тұтыну тауарларына салынатын қосылған құн салығы және Ресей Федерациясы бөлген кедендік баждар бойынша жоспар орындалмаған», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар