Ресей азаматы Қостанай облысында теріс ағымдағы діни материалдарды таратқан

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат– Қостанай облысында интернетте радикалды және деструктивті діни идеологияны насихаттаған Ресей азаматы анықталды. ҚазАқпарат бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері БАҚ және әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

«Кезекті шаралардың бірінде интернетте және «WhatsApp» мессенджерінде 38 жастағы облыс тұрғыны РФ азаматынан діни мазмұндағы материалдарды алғаны анықталды. Дерек биылғы мамыр айында тіркелді. Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты РФ азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша 50 АЕК (138 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Ол бұған дейін, наурыз айында радикалды-діни көзқарасы үшін сотталған. Айыппұл сомасы 70 АЕК (185 570 теңге) құрады», - делінген полицияның баспасөз хабарламасында.

Жыл басынан бері облыста 6 адам діни мазмұндағы материалдарды сақтағаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Облыс прокуратурасының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасы қостанайлықтарға күмәнді сайттар мен парақшаларға кірмеуге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар