Репортаж: Нұр-Сұлтанда коронавирус науқастарын емдейтін аурухана салынып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық журналистер COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызуға арналған госпиталь құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын 200 орындық госпиталь қалалық туберкулезге қарсы диспансер маңында тұрғызылады. «BI Group» құрылыс компаниясы бұл нысанды 10-12 күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Ол үшін 500-ге жуық құрылысшы 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуде.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында үш жобаны қолға алдық. Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі жоба 200 орынан қарастырылған және әрқайсысында 20 орын интенсивті терапияға арналмақ. Алматыда 280 орын болса, оның 28-і интенсивті терапияға беріледі. Нұр-Сұлтандағы госпиталь Modex зауыты жасайтын модульдерден құрылады (...) Мұндай монолиттік құрылыстарды 50-70 жыл бойы пайдалануға болады», - деді жоба директоры Арман Лесбеков тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, интенсивті терапия палаталарын жабдықтауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық талабы ескерілген. Сонымен бірге, Арман Лесбеков Алматы мен Шымкенттегі ауруханалардың айырмашылығы туралы айтып берді.

«Алматыдағы госпиталь вахталық қалашық типінде жасалады. Уақыт пен бюджеттің тығыз болуынан батыста мұнай жұмыстары үшін қолданылатын қалашық үлгісін алдық. Барлық үш кешенде де таза мекемелер кешені мен медициналық газдар қарастырылған». - деді ол.

Шымкенттегі аурухананы салуда контейнерлік типтен темірбетонға дейінгі барлық нұсқалар қарастырылған.

«Қазір де Шымкентте аурухана форматы талқыланып жатыр. Сондықтан, талқылау аяқталған соң, қарқынды жұмыс істеп, қалған уақытты қуып жетеміз деген ойдамын. Барлық ауруханада дәрігерлерге арналған ординаторлық бөлмелер, кабинеттер болады. Мәйіт сақтайтын орындар да қарастырылған», - деді А. Лесбеков.

Еске сала кетсек, 3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханаларын салуды ұйғарды. Оның құрылысына тез тұрғызылатын құрылымдар қолданылмақ.



Соңғы жаңалықтар