Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек. Бұл туралы Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы ел азаматтарының тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кеңес ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға байланысты аса күрделі мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтындығына назар аудартты.

Президент өз сөзінде Кеңес қызметі басқа консультативтік-кеңестік органдардан түбегейлі ерекшеленуі тиіс екенін, қоғамдағы өзекті мәселелерді немесе түйінді түйткілдерді жасырмай ашық айту қажет екенін баса айтты.

«Деректерді тізіп, қалыптасқан жағдайды сипаттаумен шектелуге болмайды. Бастысы – уақытылы шешім қабылдау. Кеңес іс жүзінде жүзеге аспайтын, алдын ала әзірленген ұсыныстарды құптап қана отырмауы тиіс. Кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек. Ұлттық экономиканы басқаруда, қоғамдық дамуда, институционалдық реформалар жүргізуде жаңа бағыттар ұсынуға міндетті. Әрине, қазіргі жұмыстарды да бақылауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кеңестің келесі отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңа тәсілдерді қарастыруды және осы мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

«Біз әрбір салада мемлекеттің мақсаттары мен даму кезеңдерін айқындайтын бағдарламалық құжаттардың икемді архитектурасын құруымыз керек. Жүйе бюджетті жоспарлаумен байланыстырылады және мемлекеттік органдар басшыларының жүктелген міндеттің орындалуына тікелей жауапты екенін бекітеді. Жоғары кеңестің шешімдерінің орындалуын, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын, реформаларды жобалық басқару қағидаттарының енгізілуін қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі кезеңде бұл – Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің негізгі міндеті», – деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткізді.


Соңғы жаңалықтар