Рахым Ошақбаев елімізде ҮЕҰ-лар атқаратын міндеттерге пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Жалпы, Қазақстанда біраздан бері үкіметтік емес ұйымдарды ынталандыру бойынша мағыналы әрі тиімді саясат іске асырылып келеді. Қазақстан Азаматтық альянсы түрінде институционалды орта бар. Жалпы, бұл салада тиісті қаржы бөлініп, гранттық тетік жетілдіріліп жатыр. Осының нәтижесінде ауқымды түрде өңірлерге таралған азаматтық қоғам секторын көріп отырмыз. Олар қоғамдық-саяси өмірге, заңнаманы жетілдіруге, әлеуметтік проблемаларды шешуге қатысты өзінің елеулі үлесін қосып келеді», - деді Р. Ошақбаев Ақпарат және қоғамдық даму министрінің үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуінен кейін.

Сонымен қатар ол бүгін министрмен кездесу барысында ҮЕҰ өкілдері қай мәселелерді көтергенін айтты.

Р. Ошақбаевтың айтуынша, биыл Азаматтық форум өтуі тиіс.

«Кездесуде дәстүрлі әрі отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілді. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйым рөлі өңірлерде, ауылдық жерлердегі адамдарды қолдауға және білім беру саласына бағытталуы керектігі айтылды. Біз осы жылы ауқымды Азаматтық форум өтеді деп үміттенеміз. Онда ҮЕҰ-лар жүргізген елеулі жұмысқа қорытынды жасап, болашаққа жоспарларды белгілейміз», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті.



Соңғы жаңалықтар