QazVac вакцинаны ДДҰ тіркеу 2022 жылдың соңына қарай басталуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов QazVac қазақстандық вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркеу мерзімі туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздер түсінулеріңіз керек. Нақты өлшемдер бар. Қазақстан басында Ұлттық реттеушінің бірінші деңгейінде болған. Сегіз айдың ішінде екінші деңгейге шықтық. Енді соны 2022 жылдың аяғына қарай үшінші деңгейге жеткізу міндеті қойылып отыр. Қазақстан Ұлттық реттеушінің үшінші деңгейіне жеткен кезде біздің вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде қарайтын болады. Бұл – халықаралық стандарттар, бұл – талап», -деді ол БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.

Айтуынша, мемлекет мұнымен шектеліп отырған жоқ.

«Бүгінде әлемнің 25 елімен біздің вакцина паспорттарын өзара мойындау туралы келісім бар. Бұл бағытта сыртқы істер министрліктерімен, елшіліктермен нақты әрі дәйекті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Біздің вакцина бұған дейін де айтылғандай, 86-дан 90 пайызға дейін тіимділік көрсетіп отыр. Сондықтан оны көбі мойындауда. Ол жайын өз мамандарымыздан тағы да нақтылай аласыздар», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Сонда ДДСҰ қазақстандық вакцинаны 2022 жылдың соңынан ерте тіркемейді деген сөз бе» деп сұрады БАҚ өкілі.

«Иә, ұлттық реттеушінің үшінші деңгейіне қол жеткізген сәттен бастап тіркеу басталады. Қазір ол қарауда жатыр ғой. Бірақ ол үшін еліміз, Ұлттық реттеуші үшінші деңгейге жетуі керек. Сондықтан ұйымға мүше елдердің бәріне қойылатын негізгі талап осы», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар