Qaztrade бизнесті қолдауда экспорттық акселерация мен маркетплейстерге шығаруды бастайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 25 қаңтарда шағын және орта бизнесті қолдау аясында қазақстандық экспорттаушылар үшін екі бағдарламаға іріктеу басталады. Осы орайда «Экспорттық акселерация-2022» және компанияларды Alibaba.com. бағдарламасына шығару ескерілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған бағдарламалардың операторы ретінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» АҚ бекітілген.

«ЭКСПОРТТЫҚ АКСЕЛЕРАЦИЯ-2022» - компанияны толық сүйемелдеуді (оқыту, диагностика, экспорттық стратегияны әзірлеу, маркетингтік ілгерілету, компанияның көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету), сондай-ақ сенімді сатып алушыны іздеуді және экспорттық келісімшарт жасасуды көздейтін практикаға бағытталған бағдарлама. Биыл «ЭКСПОРТТЫҚ АКСЕЛЕРАЦИЯ-2022» бағдарламасына қатысу үшін машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ қызмет көрсетушілер сияқты салаларда 190 кәсіпорын іріктелетін болады.

«Бағдарлама аясында қазақстандық өнімді нақты ілгерілету үшін Ресей Федерациясы, Украина және Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Өзбекстан Республикасы нысаналы нарықтар болып айқындалды», - делінген Сауда министрлігі мәліметінде.

Бағдарламаға бизнестің қатысуы тегін. Бағдарлама 2020 жылы іске қосылған сәттен бастап қатысушы компаниялар шамамен 150 млн АҚШ доллары сомасына экспорттық келісімшарттар жасасты. Бұл отандық өнімді РФ, Қытай және Орталық Азия елдерінің нарықтарына жеткізуге арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар.

Отандық бизнесті халықаралық Alibaba.com маркетплейсіне шығару

Биыл Alibaba.com-ға шығару үшін шикізаттық емес өнімнің 70 қазақстандық өнім жеткізушісі іріктеліп алынады. Бүгінде халықаралық серіктестер платформасында 4000 отандық тауар қолжетімді. Мәселен, қазақстандық бал БАӘ, АҚШ, Кипр, ҚХР, Өзбекстанға жөнелтілді. Көмір сүзгілерін жаңадан өндіруші Alibaba.com арқылы өз сатып алушыларын Өзбекстан, Қырғызстан және Македониядан тапты.

«Бағдарламаны іске қосу аясында 25 қаңтарда QazTrade барлық ниет білдірушілер үшін таныстыру вебинарын өткізеді, онда Бағдарламаларға қатысу шарттары туралы айтып береді», - делінген министрлік хабарламасында.

Атап айтқанда, экспорттаушыларды Alibaba.com-ға шығару жөніндегі бағдарлама басталған сәттен (2019 жылдан) алтын аккаунттардың иелері 120 млн АҚШ доллары сомасына экспорттық келісімшарттар жасасты.

QazTrade шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт бола отырып, отандық экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін мынадай қолдау көрсетеді:

-сыртқы нарықтарға шығу мәселелері бойынша консультациялық-талдамалық қолдау;

- халықаралық электрондық алаңдарға шығару;

- экспорттық акселерация бағдарламасы;

- сервистік қолдау (сауда-экономикалық миссияларға, халықаралық көрмелерге қатысу);

- қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға жылжыту және жеткізу бойынша шығындарды өтеу.


Соңғы жаңалықтар