QazaqGaz компаниясынан 123 млрд теңгенің қаржылық заң бұзу деректері анықталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – QazaqGaz компаниясында қордаланған мәселе көп. Бұл туралы аталған комапнияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Үкіметінің шешімімен «ҚазТрансГаз» «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіріп, «ұлттық компания» мәртебесіне ие болып, портфельдік компаниясына айналды, сондай-ақ «QazaqGaz» деп аталды. Компания «Жаңарған QazaqGaz» көзқарасын қалыптастырып, жұмыстың барлық салаларында толық көлемде жаңартуды бастады. Мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмаларына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзу деректері табылды. Оның ішінен 123 млрд теңгесіне қатысты қаржылық заң бұзу жағдайлары дәлелденді. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз», - деді С. Жаркешов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, компанияның барлық стратегиялық жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.

«Газбен жабдықтау нарығының барлық қатысушыларының күшін біріктіруге, сенімді серіктес қалыптастыруға бағытталған QazaqGaz даму стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді басқарма төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы болуы мүмкін.

Ел ішінде газ тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.


Соңғы жаңалықтар