ПТР-анықтамасы жоқ шетелдіктер ұшаққа отыра алмайды – апталық шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде короновирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны артып келеді. Бұл сақтық шараларын елемей той-жиындарға барғандардың есебінен де ұлғайып отыр.

Күнделікті қарапайым сақтық қағидаларын ескермейтін, тіпті сенбейтіндер де кездеседі. Оның үстіне қауіпті індет өршіп тұрған шетелдерден келетіндерді де қатаң бақылауға алмаса, көктемдегі сценарий қайталануы мүмкін. Осы аптада қауіпті індетке қатысты қандай оқиғалар тіркелгенін және қандай сақтық шаралары күшейтілгенін шолып өтейік.

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 172 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді. 23 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бері елімізде ауырғандар саны - 37746, 401 өлім тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 28710 жетті.

Бүгін елордаға халықаралық әуе рейстерімен келген 62 жолаушы карантинге жатқызылды. Олардың қолында ПТР-анықтама болмаған. Енді бір апта бойы стационарда дәрігерлердің бақылауында болады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады. Оқшаулау мерзімі бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай өзгертілді.

Жалпы өткен тәулікте бас қалаға Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Беларусь мемлекеттерінен 799 қазақстандық келді. Басым бөлігінде коронавирус жұқтырмағаны жөнінде анықтама бар. Сондықтан тексерусіз үйлеріне қайтарылды.

Айта кетейік, қазір ПТР-анықтамасы жоқ шетел азаматтарының ұшаққа отыруына рұқсат жоқ. Онсыз тек қазақстандықтар ғана елге қайта алады. Сөйтіп, қалаға келген бойда карантинге жатқызылады.

Елордада коронавирус жұқтырғандар арасында әйел адамдардың саны артып, 53%-ті құрады. Бұл туралы қала әкімдігінің өкілдері онлайн брифинг барысында хабарлады. Күн сайын ауру белгілері бар 30 шақты адам анықталып жатыр. Алайда халық арасында сырқаттанып қалғанын жасырып жүргендер де көбейді. Салдарынан дәрігерлер уақытылы жәрдем көрсете алмай жатыр. Ауырғандар қатарында мектеп оқушылары да аз емес. Зертханалық талдау нәтижесінде 18 бала коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды.

Айта кетейік, олардың 15-і қашықтан білім алып жүр. Жалпы оқу жылы басталғалы 30 оқушы ауырған. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қалада карантин режимі әзірге жеңілдемейді.

Жұрт ауру жұқтырып алмайық деп үрейленіп жүр. Мемлекет халықтың амандығына алаңдап отыр. Ал, ашкөздер ақша жымқырған. Таразда коронавируспен күреске бөлінген қаржыны жымқырды деген шенеуніктер тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлімдеді. Қазір күдікке ілінген Денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғалары тергеліп жатыр. Олар медициналық бұйымдарды қымбат бағаға сатып алған. Соның кесірінен мемлекетке ірі көлемде шығын келіп отыр.

Еліміздің шығысында бірінші қарашадан бастап карантиндік режим күшейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». Өңірдің сыртқы және ішкі кіреберіс аумақтарында 13 санитарлық бақылау бекеті орнатылады. Оның жетеуін Өскеменге қою жоспарланған. Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулысында бұл бекеттердің қашанға дейін тұратыны санитарлық-эпидемиялогиялық ахуалға байланысты өзгеретіні ескертілді. Құжатқа сай облыс және Өскемен аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады. Бірақ өңір ішінде қозғалуға рұқсат. Мерекелік іс-шара өткізу үшін жеке үйлерді жалға алуға болмайды. Мемлекеттік органдарға азаматтарға жеке қабылдау жүргізуге тыйым салынады. Сұлулық салондары мен шаштараздар таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс істеуі тиіс.

Маңғыстау облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру жағдайлары көбейген. Дәрігерлер мұны тұрғындардың той-жиындарға баруын тоқтатпауымен байланыстырады. Провизорлық стационарларда емделіп жатқандардың басым бөлігі 60 жастан асқандар. 6 адам ауыр халде. Енді екінші рет той жасап ұсталған мейрамханалар соттың шешімімен қызметін мүлдем тоқтатуы мүмкін. Қазір карантин талаптарын бұзған тойхана, кафе иелеріне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Себебі, кейбір өңірлерде көпшілікті жинағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған кәсіпкерлер қайтадан ереже бұзып жатыр.

Жамбыл облысында карантин тәртібін бұзғаны үшін 270 адам жазаланды. Олар 33 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Қомақты айыппұл той тойлайтындарға тосқауыл болмай тұр. Мейрамхана қожайындары карантиндік шектеулерге шекеден қарайтын болған. Есікті құлыптап қойып, дүркіретіп той жасауды жалғастырып жатыр. Полицейлер рейд кезінде 500 адам келген тойдың үстінен түскен. Қазір аймақта 50 мониторингтік топ құрылып, бақылау жұмыстарын күнделікті жүргізеді. Өңірде соңғы 4 айда 4700-ден астам түрлі ойын-сауық орталықтары, дәмхана, тойхана сияқты нысандар тексерілген.

Көрші елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан-Ресей шекарасында санитарлық бақылау күшейе түсті. Қостанай облысында төрт санитарлық бақылау бекеті бар. Онда келушілерден сауалнама алынып, дене қызуы тексеріледі. Жолаушылар COVID-19 індетін жұқтырмағанын растайтын анықтама ұсынуы тиіс. Егер ондай құжат болмаса, екі күндік карантиндік стационарға жатқызылады.


Соңғы жаңалықтар