Прокуратура «Қазақмыс» корпорациясындағы қайғылы оқиғаның басты нұсқасын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық прокуратурасы 21 қаңтар күні Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясы ғимаратында болған қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«21 қаңтар күні «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның ғимаратында «Қазақмыс корпорациясы» кен-байыту комбинатының бас директоры А.М.Минигуловтың жұмыс бөлмесінде онымен «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Т.А.Тажбеновтің арасында жанжал болған. Корпорация қызметкерлері аталған жерге жедел жәрдем мен полиция шақырған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері Т.А.Тажбеновтің мәйітін және пышақ жарақатын алған А.М.Минигулов пен С.А.Тембаевті («Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бөлім бастығы) анықтаған. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілген», - деп атап өтеді ведомстводан.

Облыстық прокуратура ақпаратына сәйкес, аталған факт бойынша сотқа дейінгі 2 тергеп-тексеру жұмысы басталды. Біріншісі өлтіруге оқталуға, екіншісі өзін-өзі өлтіруге жеткізуге байланысты.

«Бастапқы тергеу амалдары барысында Т.А.Тажбеновтің «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директорының кабинетіне тегіс ұңғылы мылтық (Т.А.Тажбеновтің атына тіркелген) алып кіріп, бір рет оқ атқаны, ол оқ ешкімге тимегені анықталған. Т.А.Тажбеновтің мылтық алып кіргені бейнебақылау камераларының жазбаларымен, сонымен қатар оқиға орнынан және оның өзінен табылған заттай айғақтармен айқындалған», - делінген таратылған ақпаратта.

Куәлардың айтуынша, оқ атылғаннан кейін жанжалдасушылар А.М.Минигулов, С.А.Тембаев және Т..А.Тажбенов пышақ жарақатын алған. Т.А.Тажбенов өлімі фактісі бойынша тергеу органдары оны өлтіру немесе өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу жөнінде 2 болжамды тексеріп жатыр.

А.М.Минигулов пен С.А.Тембаевтің пышақ жарақаттарын алу фактісі бойынша да өлтіруге оқталу болжамы тергелуде. Қазіргі уақытта полиция органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде. Сот сараптамалары тағайындалып, заттай айғақтар мен бейнекамералардың жазбалары зерделену үстінде.

«Қайтыс болған Т.А.Тажбеновтің өкілдеріне тергеу органы олардың жәбірленуші ретіндегі құқықтарын, оның ішінде тергеу барысымен және тиісті материалдармен танысу құқығын түсіндірді. Бүгінгі күні тергеу бастапқы сатыда болғандықтан кім кімге, қалай және қандай затпен дене жарақатын келтіргені туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айта кету қажет. Оқиғаға қатысушылардың әрқайсысының рөлі кешенді жедел-тергеу іс-шараларынан кейін және сарапшылар қорытындыларының негізінде айқындалады. Осыған байланысты тұрғындардан ресми ақпаратты басшылыққа алуды және дәлелденбеген ақпаратты таратуға жол бермеуді сұраймыз», - деп атап өтеді облыстық прократурадан.

Айта кетерлігі, қылмыстық істің тергелу барысы Қарағанды облысы прокурорының және облыстық полиция департаменті басшысының бақылауына алынған.

Осыған дейін «Қазақмыстың» бас директорына қастандық жасалғандығы және ол бойыншы қылмыстық іс қозалып, істі ҚР Бас прокуроры бақылауына алғандығы хабарланды.




Соңғы жаңалықтар