Прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қалай қорғайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов әлеуметтік желіде прокуратураның кәсіпкерлердің құқығын қалай қорғайтынын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратурадағы селекторлық кеңестің жұмысына қатысып, жер қатынастары мен сәулет саласындағы көптеген жүйелік проблемалар, салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тануы туралы соттарға талап арыз беруіне қатысты туындайтын кәсіпкерлердің шағымдары туралы айттым. Мұндай шағымдардың саны жылдан жылға артып келеді. Кейінгі жылдары біз қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруге қатысты нөлдік статистиканы көріп отырмыз. ҚК-нің 365 және ӘҚБтК-нің 173-баптары жұмыс істемейді», - деп жазады Рүстем Жүрсінов facebook парақшасында.

Оның хабарлауынша бизнестің жер ресурстарына қол жеткізе алмай отыр. Өйткені егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауына және елді мекендердің бас жоспарларының ескіргенініне байланысты кәсіпкерлер жер учаскелерін алудан шектелген.

«Сондай-ақ, прокуратура органдарына өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен неғұрлым проблемалық бағыттар бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды үйлестіру үшін бірлескен іс-шаралар жоспарын жасауды ұсындым - бұл бизнестің барынша қорғалуын қамтамасыз етеді. ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев облыс прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға Бас прокурордың қадағалауды күшейту жөніндегі нұсқауы түскенге дейін тапсырма берді. Атап айтқанда прокуратура органдарында кәсіпкерлердің өтініштерін қарауды жеке бақылауға алуды, прокуратураның араласуын талап ететін жүйелі мәселелерді анықтау үшін бизнес өкілдерінен түсетін өтініштерге сапалы талдау және тексеру жүргізуді, өтініштерді қарау және тексеру нәтижелері бойынша прокурорлық қадағалау немесе кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы (қылмыстық жауапкершілікке дейін) мәселені қоя отырып, ден қою шараларын қабылдауды міндетіне алды», - дейді ол.

Осылайша, Рүстем Жүрсінов бизнес экономикалық айналымда қалуға, экономиканың дамуына одан әрі үлес қосуға мүмкіндік алатынына, мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен жұмыс өз жемісін беретініне сенім білдірді.

«Бас прокуратура Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында бизнеске қысымды азайту бойынша жүйелі және тиімді жұмыс жүргізіп жатқаны қуантады», - деп түйді ол.


Соңғы жаңалықтар