Прокуратура араласты: Бурабайда 408 педагогқа екіжылдық үстемеақы төленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Прокуратура қызметкерлерінің араласуымен Ақмола облысының Бурабай ауданында мұғалімдерге тиесілі үстемеақы төленетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан біршама уақыт бұрын Бурабай ауданының прокурорлары мектеп қызметкерлерінің еңбек құқығының қалай қорғалып жатқанын тексеріп, ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін 408 педагогқа қосымша үстемеақы төленбей келгенін анықтаған.

«Педагогтар базалық айлыққа қосылатын 40 пайыздық үстемеақыны екі жыл бойы ала алмай келген. 2017-2018 жылдарды есептегенде мұғалімдерге берілетін қаражаттың көлемі 1,8 млн теңгеге жеткен. Бақылау құжаты бойынша педагогтардың конституциялық құқығы қалпына келтіріліп, барлық сома төленді», - делінген Ақмола облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Прокуратура сонымен қатар, «Агрофирма Веденовка» ЖШС мен «Агрофирма Бурабай-2007» ЖШС кәсіпорындары 329 жұмысшының алдындағы 44 млн теңгелік қарызды қайтарғанын хабарлады.

«Айлықты уақтылы бермегені үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталмыш бағытта жұмыс жалғасуда», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар