Профессор Мұрат Сабыр: Алтын орданың тілі – көне қыпшақ тілі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Биыл елімізде Алтын орданың 750 жылдығы кеңінен аталып өтілмекші. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырмен сұхбаттасқан еді.

-Мұрат Бөкенбайұлы, Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғаннан бері арғы-бергі тарихымызды зерттеуге барынша маңыз беріліп келе жатқаны белгілі. Ел шежіресіндегі елеулі кезеңнің бірі – Алтын орда дәуірі. Осыған орай не айтар едіңіз?

-Елдің тарихын түгендеу оңай емес. Күрделі мәселелер жеткілікті. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты белгілі мақаласында «көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым Алтын орда кезеңіне де қатысты. Соңғы кезде көрші Ресей елі Алтын орда тарихына қатысты ғылыми қалыптасқан көзқарастарын қайта қарап жатқаны мәлім. 250 жыл бойы татар-моңғол басқыншылығының езгісінде болып, елдікке азаттық күрестердің нәтижесінде жеттік дейтін тұжырымдардан гөрі ел болып, етек-жеңімізді жинауға Алтын орданың мемлекеттік жүйесі тікелей ықпал етті деген пікірлер ұсынылуда. Әрине, Алтын орда ыдырағаннан кейін күшейген Мәскеу Русы мемлекеттік жүйені Алтын орда дәстүрімен қалыптастырғаны аян. Осы тұжырымның артында Алтын орданың мұрагері біз, Ресей деген ашық ой жатыр. Мәселен, Хакас мемлекеттік университетінің доценті Г.Тюньдешевтің «Великий хан Батый – основатель Российской государственности» атты кітабында: «Нынешняя Россия формировалась не на почве Киевской Руси, которая распалась на несколько суверенных государств еще в XII веке, за век до появления «монголов», не в соперничестве с ордынцами, с которыми не было у русских трений на религиозной или культурной почве. Россия возникла на совершенно новой московской почве, которая была органической частью золотоордынской государственности; она выросла из соперничества Московии с ханствами, входившими ранее в Золотую орду, за право наследия распадающегося великого государства», – дейді.

Шын мәнісінде Алтын орданың ежелгі аумағының қырық пайызы – бүгінгі Қазақстан иелігі, байырғы қазақ жұртының атамекені. Ендеше, Алтын орданың мұрагеріміз деп пікір айтуға біздің де толық құқымыз бар. Мұның айқын дәлелін тарихтан да, тілден де, әдебиеттен де табуға болады.

-Олай болса ғалымдар не дейді?

-Кез келген тобыр ұлт бола алмайды. Қазақ халқы да ұлт болып қалыптасу жолында қилы-қилы кезеңді бастан кешірді. Бүгінгі қазақтар – көне қыпшақтардың заңды жалғасы, мұрагері. Қыпшақтар қайдан шықты, қайда барды, қайда кетті деген күрделі сұрақтарға ғылымда нақ жауаптар, тың тұжырымдар айтылмай жатқан жоқ. Танымал тарихшы Мурад Аджи былай деп жазды: «Кыпчак – это имя одного из древнейших тюркских родов. Возможно, он когда-то первым отселился с Алтая, и других переселенцев стали называть его именем». Бұдан әрі ғалым тарихтағы халықтардың ұлы қоныс аударуының көш басында қыпшақтар болғанын айта келіп: «…Тогда, то есть к концу V века, кипчаки заселили пол Европы и всю Центральную Азию. Тюркская речь заглушала на Евразийском континенте любую другую. Тюрки были самым многочисленным народом ми-ра… Один народ дал жизнь десятком других народов», – дейді. Міне, осы қыпшақтар половцы, кумандар атала жүріп, мың жылдан астам уақыт тарихта белгілі болған. «Қыпшақ» сөзі ең алғаш Селенгі өзенінің бойында тасқа қашалып бедерленген. Элетміш Күл Білге қағанның (747-757) басына қойылған құлпытаста былай жазылған: «түрк кыбчак еліг йыл ол дурмысың» (когда тюрки-кыбчаки властвовали над нами пятьдесят лет). Араб зерттеушілерінің еңбектеріне үңілсек, қыпшақтар ІХ ғасырдан белгілі болған. Сонымен қатар ІХ-Х ғасырларда тарих сахнасында оғыздардың да үлкен орны болды. Олар Солтүстік Каспий, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңайын жайлады. Бірақ ХІ ғасырдағы қыпшақ тайпаларының өсіп, өркендеп, билік басына келуі оғыздарды ығыстырып, басқа да түрлі тайпалардың қыпшақ одағына сіңіп, ортақ қыпшақ тілінде сөйлеуіне мәжбүр қылды.

С.Агаджанов былай дейді: «В конце Х-первой половине ХІ в. в политических рамках державы сырдарьинских ябгу происходит интенсивный процесс формирования огузской народности, он стимулировался распадом старых кровнородственных связей, образованиям новых территориально-хозяйственных объединений и становлением раннефеодальных отношений. Однако данный процесс не получили своего завершения и был прерван гибелью огузского государства в середине ХІ в. в результате кипчакского движения».

Басында Қимақ қағанатының құрамында өмір сүріп, кейін дара тайпа болып бөлінген қыпшақтар ХІ ғасырдан бастап Ә.Құрышжановтың сөзімен айтқанда «тарих сахнасының авансценасына» шығады. Ортағасырлық қыпшақтар тарихын арнайы зерттеген С.Ақынжанов: «Әр түрлі тарихи деректерге қарағанда, Қазақстан даласының солтүстік аймақтарында ХІ-ХІІ ғасырларда түркі тайпаларының басында хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты», – деп тұжырымдады. Қыпшақтар ұлан-байтақ территорияны игеріп, Балқаш көлінің жағалауларындағы жазық далалардан бастап Солтүстік Кавказ таулары мен Қырым қырқаларына дейінгі аралықты мекендеді. Мафазат әл-гузз (оғыздар даласы) атауының орнына Дешті қыпшақ (қыпшақтар даласы) атауы пайда болды. Қыпшақ тайпалары Қытай қорғанынан бастап Шығыс Түркістан, Алтай таулары, Орта Азия, Еділ аймағы, Алтын орда, одан әрі Еуропаға дейін тарады.

Ал моңғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Бұл жерде М.Аджидің «Дешти-кипчак при новом монголском правителе получил и новое имя – Золотая орда, …которая, как это ни парадоксально, целиком и полностью держалась на кипчаках» деген сөзінің маңызы зор. Сол қыпшақтар қазақ халқының жеке этникалық топ болып қалыптасып, дербес ұлт ретінде тарих дастарқанынан өзіне лайық орын алуына, сондай-ақ қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай, қырым татарлары, қарашай, балқар, құмық, қарайым, алтай, қырғыз халықтарының ұлт болып қалыптасуына игі ықпалын тигізді.

Қазақтың біртұтас этнос болып қалыптасуында, өсіп-жетіліп, өркендеуінде Алтын орда мемлекеті зор рөл атқарды. Осыдан төрт жыл бұрын ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында мемлекетіміздің түп-тамыры сонау ғұн-үйсін, Түркі дәуірінен бастау алып, Алтын орда мемлекетіне ұласқанын айта келіп, Қазақ хандығы өз еншісін осы мемлекеттен алғанын ашып айтқан еді.

Алтын орда дүниежүзілік тарихта, әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар іргелі де қуатты мемлекет еді. Бұл солтүстік-шығыста Бұлғар облысы, Еділдің орта және төменгі жағалауын, оңтүстікте Қырым, Кавказдың Дербентке дейінгі, тіпті одан да арғы далаларды, шығыста батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі жағалауын алып жатқан кең байтақ ел болатын. Әуелде Жошы ұлысы ретінде дүниеге келген Алтын орда Бату хан (1227-1255), кейін Берке хан (1257-1266) тұсында дәуірлеп, Мөңке Темір хан (1266-1280), Өзбек хан (1312-1342) мен Жәнібек хан (1342-1357) тұсында Еуразияның апайтөс даласында билік құрған қаһарлы мемлекетке айналды. Алтын орданың нағыз гүлденген кезеңі – Берке хан мен Өзбек ханның билік жүргізген дәуірі. Берке ханның ислам дінін қабылдауы мемлекеттің дамуына игі әсер етті. Беркенің сарайына мемлекеттің төрт бұрышынан ғалымдар, ақындар, суретшілер келе бастайды. Қала мәдениеті өркендейді. Бұл жайында Э. Наджип былай деп жазды: «Арабские и персидские историки, побывавшие в Золотой орды сообщают о многих ученых, писателях, богословах и поэтах, которые жили на территории Золотой орды, занимались научной и литературной деятельностью. Ныне обнаруженные памятники материальной и духовной культуры Золотой орды подтверждают высокую культуру вес центрах». ХІV ғасырдың бірінші жартысында бүкіл елге мұсылман діні кеңінен жайылды. Өзбек хан қалалар, мешіттер, медреселер салуға көңіл бөлді. Алтын орда сауда жолында орналасқан ең мәдениетті мемлекетке айналды.

Алтын орда мемлекетінің территориясын мекендеген халықтардың этникалық құрамы туралы әр түрлі мәліметтер бар. Түркітанушы П. Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Золотая орда состояла из смеси различных турецких и монгольских племен» деп көрсеткен. Белгілі ғалым Әбжан Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын орда халқының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Сол қыпшақ рулары қазіргі қазақ халқының арғы тегі екені даусыз. Бұл ру, тайпалар әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосып, кейінгі ұрпақтарға мол мәдени мұралар қалдырып кетті.

Әбіш Кекілбаев «Қазақтың төрт мың жылдық тарихы бар, дәйекті, деректемелі тарихы екі мың жылдың көлемінде» десе, ал қазақтың сүйегін зерделеп жүрген, антрополог ғалым Оразақ Смағұлов «қазақтың тарихы бір тал шашында» деп, ұлтымыздың 40 ғасырлық тарихын бұлтартпас деректермен дәлелдеп отыр. Алаш ардагері Әлихан Бөкейханов «қазақ тарихы – қазақ әдебиетінде» деген еді, ал біздің ойымызша, ең дәйекті, ең деректемелі тарих тілдің бойында сақталады.

-Ендеше, тарих қойнауына тілдік тұрғыдан барлау жасап көрсек?

-Қазақтың болашағы ғана емес, тарихы да – қазақ тілінде. Сол тілде сөйлеп, сол тілді жазып жүріп, осыдан төрт, тіпті бес мың жыл бұрынғы ата-бабамыз айтқан сөзді, түбірді, жұрнақты, тіпті дыбысты айтып, күнде қайталап жүргенімізді өзіміз байқамаймыз.

Ұлт тарихын зерделеуде тілдің қалыптасу үдерісін ескермей алысқа бара алмаймыз. Қазақ тілінің ең көне тілдік деректері Орхон-Енисей жазба мұраларында сақталған. Академик Әбдуәли Қайдаровтың мына пікірі аса өзекті: «Этностың басып өткен санғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әр түрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты және т. б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін.

Қыпшақ тілдерін, оның ішінде қазақ тілінің тағдырын сөз еткенде орта ғасырларда, дәлірек айтсақ, Алтын орда дәуірінде, ХІV ғасырда дүниеге келген жазба ескерткіштер тіліне жүгінеміз.

Атап айтсақ, олар Құтыптың «Хұсрау мен Шырын», Сеиф Сарайидің «Гүлистан би-түрки», Хорезмидің «Мұхаббат – наме», Махмуд бин-Алидің «Нахдж әл-Фарадис» атты шығармалары. Отандық түркітануда ортағасырлық жазба ескерткіштерді зерттеу ісі Э.Наджип, Э.Фазылов, А.Боровков, А.Щербак, Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы, Ә.Керімов, А.Ибатов cияқты ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Жалпы, ғылымда қалыптасқан көзқарас бойынша, ХІІІ-ХІV ғасырларда Алтын орда мен Мысыр жерінде пайда болған ескерткіштер екі түрлі аралас тілдің бірінде: не қыпшақ-оғыз аралас тілінде, не оғыз-қыпшақ аралас тілінде жазылған (Наджип, Щербак, Баскаков). Дегенмен, қыпшақ-оғыз элементтері аралас келгенмен бір-бірінен алшақ кетпей, бір әдеби дәстүрге бағынған. А.Зайончковскийдің «ХІІІ-ХV вв. сложился единый тюркский литературный или письменный язык», – деген пікіріне сүйене отырып, аталмыш жазба ескерткіштер ортақ, бірегей түркі тілінде жазылған деп айтуға әбден болады. ХІ ғасырдан бастап ХV ғасырларға дейін туыстас тілдердің бәріне ортақ, әр түрлі ру, тайпалардың бәріне түсінікті орта түркі тілі болғаны анық. Ә.Құрышжанов пен Ә.Ибатов «Орта түркі әдеби тілі өз заманында тек қана Орта Азия емес, қазіргі Қазақстан жерінің барлық түкпірі мен солтүстік аймақтағы түркі халықтарын түгел, Еуропа жеріндегі «Дешті қыпшақ» пен Қырым халықтары, тіпті сонау жер ортасы – Мысыр мен Шамды жайлаған мәмлүк қыпшақтарына тән жазба ескерткіштердің бәрін қамтитын, солардың бәріне ортақ әдеби тіл болған», – деп тұжырымдады. Осы орта түркі тілінің сол орта ғасырлардың өзінде-ақ екі үлкен тармағы, қыпшақ және оғыз варианты өзіндік белгілерімен даралана бастаған еді. Тіл тарихы халық тарихымен тығыз сабақтас, экстралингвистикалық жағдайларға тәуелді. Орта түркі әдеби тілінің қыпшақ варианты басқаларға қарағанда ХІІІ-ХІV ғасырларда тарих сахнасында мойны озық болды, өйткені Дешті қыпшақта, Алтын ордада және Мысырда қыпшақтар гегемондық рөл атқарды. Сондықтан біртұтас орта түркі тілі, нақтырақ айтсақ, көне қыпшақ тілі еді. ХІІІ-ХІV ғасырларда Еуразия кеңістігінде, Жібек жолының бойында халықаралық тілге айналған да осы көне қыпшақ тілі болатын. Алтын орданың ресми тілі де көне қыпшақ тілі еді. Жазба мұрағаттар көне қыпшақ тілінде жазылған.

-Осы мұралар бүгінгі қазақ тіліне тікелей қатысты, қазақ әдеби тілінің басты бір арнасы дейсіз ғой?

-Иә, қазақ тілі біртұтас, монолитті тіл, бірақ бұл тұтастықтың бастауы көне түркі заманынан басталып, орта ғасырларда шыңдалып, ұлттық деңгейде даралана бастайды. Сол дәуірлерден бәз-баяғы қалпында, дыбыстық және мағыналық тұлғасы өзгермей қазақ тіліне жеткен сөздер байырғы сөздік қорды құрайды. Ал Алтын орда жазба ескерткіштерінде қазақ тіліндегі баламаларымен дәлме-дәл 420-дан астам сөз бар. Олар: адым, азық, ай, алма, ала, сары, кең, тар, төрт, тоқсан, айыр, бар, кет және т. б. Кейбір сөздердің қолданылу жиілігі 20-ға дейін барады.

Қазақ тілінің материалдық мәдениет лексикасы қалыптасуының бір арнасы Алтын орда дәуірі мұралары. Осы жазба ескерткіштердің тілінен байқағанымыз, ата-бабаларымыздың баққан малын (ат, бағлан, йылқы, оғлақ, сығыр, тева, қысрақ, қозы, қой) біз де бағып жүрміз. Ал таққан әшекейін (асырға, йүзук) тағып, ыдыс-аяқтарын (айақ, ызыш, бычақ, чанақ, чөмчә, қазған, қашуқ), үй-іші мүліктерін (ачғуч, бешик, йастуқ, йоғурған, кийиз, килим, сипурткә) тұтынып, киген киімдерін (тон, чапан, кәмәр, құр, кафтан, көнләк, бөрк, башпақ) киіп жүрміз. Киім тігілетін материалдарын да (бөз, йүң, чөбрәк, қайыш, атлас, йибек, көн, мамұқ, тәри), еңбек құралдарын да (балта, бурғу, ырғақ, көрүк, тарғақ//тырнауыш, арава, йиб, тузақ, чәләк, қазуқ, қоңырағу) қолданып, ішкен-жеген тамағын да (аш, ет, бал, йоғұрт, сарқут, туз, ун, қаймақ, сүт) ішіп жүрміз. Бұның өзі этномәдени сабақтастықты көрсетеді.

Түркі тілдерінде түбір аса күрделі құбылыс. Олар күллі лексикалық қордың – мәйегі. Академик Әбдуәли Қайдаров қазақ тіліндегі 3 мың бір буынды түбірлерді айқындаған еді. Тілдің даму үдерісінде кейбір түбірлер көмескіленіп, түпкі түбірге не өлі түбірге айналады. Өлі түбір деген ұғым шартты түрде айтылып жүр. Түбір мүлде өлмейді, ол көмескіленіп, өзінен туындаған кейінгі тұлғаға сол мағынасын аманаттап тұрады. Өсімдіктің тамыры іспеттес. Бүгінгі қазақ тіліндегі синхрондық тұрғыдан түбір мен қосымшаға бөлінбейтін тұлғаларды диахрондық тұрғыдан буынға жіктеуге болады. Мысалы, Сы (сы-н, сы-н-дыр), ай (ай-т), бод (бод-ан), бош (бус-ан), кәп//кәб (кебенек), йіт (жіт-ім//өлім-жітім), қар (қарым-қатынас), саб (сөз саптау), тын (тын-ым). Бұдан байқағанымыз, қазіргі қазақ тілі тұрғысынан өлі түбірлер Алтын орда дәуірінің жазба ескерткіштерінде дербес сөз, дербес түбір тұлға күйінде қызмет атқарған. Көне қыпшақ тілі мен қазақ тілінің сабақтастығының жарқын дәлелі – осы түбірлер.

Ал тұрақты тіркестер – ұлттың дүниетанымының көрінісі. Фразеологизмдер – тілдің көркемдігін, суреттемелігін, бейнелілігін көрсететін тілдік бірліктер. Тұрақты тіркестердің қалыптасуы ұзақ үдеріс. Қазіргі қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің дені орта ғасырларда, Алтын орда дәуірінде қалыптасқан. Халықтың өмір сүрген ортасына көзқарасы, ойлау жүйесі осы фразеологизмдердің бойынан анық көрінеді.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің түп тамырын жазба ескерткіштер тіліндегі фразеологиялық тұлғалармен сабақтастыра зерделесек, сабақтастықты, ортақтықты анық көреміз. Мәселен, Он төртинчи түннүң толун айы – он төртінші түннің толған айы, сұлу. Йелиб он төрт күн йар тиләйи, ол он төртинчи түннүң толун айы «он төртінші түннің толған айын (сұлуды) тілеп, он төрт күн, түн желді».

Йүзин йергә қойуб – жүзін жерге қойып, ұялып. Бир ақил вазир шафаат йүзин йергә қойуб айтты «бір ақылды уәзір, жүзін жерге қойып, айтты». «Ұялу, ұятқа қалу» мағынасын йүз сувын төк тұрақты тіркесі де береді.

Йети иқлим ичиндә – бүкіл әлем, жеті ықылым. Йети иқлим ичиндә көркә хали, сениң тек бир тағы сұлтан йоқ, ей жан «Бүкіл әлемде сенен асқан көрікке бай сұлтан жоқ, ей жан». Қазақ тілінде жеті ықылым «дүние», «бүкіл әлем» мағынасын білдіреді. Бұл деректер сөз жоқ қазақ тілінің көнелігін, қалыптасу жолын көрсетсе, қазіргі қыпшақ тілдерінің бұрынғы да, бүгінгі де ұйытқысы қазақ тілі екенін дәлелдейді.

Мағжан Жұмабаевтың «қыпшақтардың бір кезде дәуірлеп жасаған жазира даласының қара шаңырағының мұрагері де сол қазақтар» деген сөзі нақ шындық.

-Алтын орда мұраларының ізін қазақ жазба әдебиетінен, соның ішінде биыл 175 жылдығы аталып өтілетін ұлы Абайдың өлеңдерінен табуға бола ма?

-Әрине. Қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы ұлы Абайдың ғылымда үш мектебі айтылады. Біріншісі – ауыз әдебиеті, екіншісі – шығыс әдебиеті, үшіншісі – орыс және Батыс Еуропа әдебиеті. Абайдың ақын болып қалыптасуындағы тағы бір арна, төртінші мектеп ол Ж.Баласағұнның «Құдатғу білігінен» басталған түркілік жазба әдебиет еді. Абай өзіне дейінгі жазба дәстүрді, жазба әдебиетті жақсы білген және содан нәр алған. Абайдың қазақ әдебиетінде алғаш қолданған айшықты сөз тіркестерінің түп негізі Алтын орда әдебиетінде жатыр.

Мысалы, Құтып ақында:

Көңіл қушы бу ғашық отында учар,

Хайалы ол Шырын Хусрауны қучар

деп, көңіл құшы түрінде айтылса,

Абайда:

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа

Адам ойы түрленіп алған шақта

деген сияқты көңіл құсы түрінде мағыналық, тұлғалық жағынан дәлме-дәл келіп, Құтыпта да, Абайда да бұл фраза «жүйрік қиял» мағынасында айтылып отыр. Немесе сынуқ көңүл тұрақты тіркесі Құтыпта:

Мені қадғумда аз хор қылғыл

Сындуқ көңүлүмні бәс азар қылған

түрінде айтылса,

Абайда:

Сынық көңілім көп кешер

Майда қолмен ұстасаң, деп келеді. Осындағы сынық көңіл фраземасы екі дәуір ақынында «жабырқаңқы, қайғылы көңіл күйді» білдіреді. Сонымен қатар ұлы Абайда көңілдің жайлауы, көңілдің күні сияқты бояуы қанық, жаңаша өрілген фразеологизмдер ұшырасады.

Бұл деректерге қарап, ХІХ ғасырдағы Абай поэзиясы, ортағасырлық қыпшақ жазба поэзия дәстүрінің заңды жалғасы, дәстүрлі өнер сабақтастығы деп айтуға болады. Ғасырлар қойнауынан өзгермей, тарихтың ызғарлы желіне түтіліп кетпей келе жатқан тұрақты тіркестерден тұтас бір ұлттың қазақи бет-бейнесі анық көрінеді.

Қорыта айтқанда, осындай тарихи, тілдік және әдеби деректерге сүйене отырып, Алтын орданың бүгінгі басты мұрагері – қазақ ұлты, Қазақстан Республикасы деп тұжырымдауымызға толық негіз бар.


Соңғы жаңалықтар