Профессор Болат Хабижанұлы «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Педиатрия орталығында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері Болат Хабижанұлының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиынға орталықтың басшылық құрамы, дәрігерлер мен қызметкерлер, ғалымның достары мен әріптестері, сонымен қатар шәкірттері қатысып, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтады.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин мерей той иесінің денсаулық саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, қоғамдық денсаулықты дамытуға және ҚР денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін Болат Хабижанұлына «Университет мақтанышы» төсбелгісін табыстады.

Сонымен қатар, Болат Хабижанұлы ҚР халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Ұлттық Медициналық қауымдастығының жоғары марапаты - «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды.

Жиын барысында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева Болат Хабижанұлының қызмет жолы мен орталыққа сіңірген еңбегін атап өтті.

«Құрметті Болат Хабижанұлы! Сіздің жемісті еңбегіңізге, сирек кездесетін басқарушылық қасиетіңізге, белсенділігіңізге, атқарып жатқан игі істеріңізбен, педиатрия саласына білікті мамандар дайындау ісіне қосып жатқан үлесіңізге тәнтіміз. Сіздің Қазақстан педиатриясы саласына сіңірген еңбегіңіз орасан зор. Шын жүректен Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақыт, балалар саулығы жолындағы қызметіңізге мол табыс тілейміз!»,- деді Риза Боранбаева.

Болат Хабижанұлы қазақ тілінде студенттерге арналған тұңғыш «Бала хирургиясы», «Педиатрия» кітабінің, 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы. Оның жетекшілігімен 25 диссертация қорғалды: 5 ғылым докторын, 20 ғылым кандидатын даярлады.

Соңғы жаңалықтар