Проблемалық алименттер саны қаншаға азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы атқарылған жұмыстар аясында 2 мыңға жуық борышкер жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Енді азаматтар министрлік немесе Республикалық палата сайттарында ең тәжірибелі және білікті сот орындаушысын таңдай алады», - деп тоқталды вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның сөзіне қарағанда, берешектерді төлеу бойынша сервис қамтамасыз ету шараларын, оның ішінде шетелге шығуға шектеуді автоматты түрде алып тастай отырып жұмыс істейді. Сервисті іске қосқан сәттен бастап 108 мың борышкер жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қарызын төледі. Бұл борышкердің сот орындаушысымен байланыс жасау қажеттігін жоққа шығара отырып, іс жүргізу шешімдерінің жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

«Алимент өндіру бойынша жағдай айтарлықтай өзгерді. «Алимент өндіріп алудың тиімді жүйесін құру бойынша 30 қадам» іс-шаралар жоспары бекітілді және іске асырылуда. Министрлік әкімдермен және Республикалық палатамен бірлесіп алимент өндіру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарды іске асыруда. Онда борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелері қамтылған», - деді А. Мадалиев.

Оның айтуынша, өткен жылы атқарылған жұмыстар аясында 2000-ға жуық борышкер жұмысқа орналастырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде проблемалық алименттер санын азайтуға қол жеткізілді. Егер 2018 жылы олардың саны 25 мыңға жуық болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңға дейін азайды.

«Әрине, мұндай құжаттардың орындалуы әлі де жоғары деңгейде емес және біз олардың орындалу сапасы мен уақтылығын бақылауды жалғастырамыз», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар