Президенттің өңдеуші өнеркәсіпке қатысты тапсырмалары сапалы орындалуы тиіс – Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Асқар Мамин Индустрияландыру картасын іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп экспортын 1,5 есе, еңбек өнімділігін 30 пайызға ұлғайту міндеті қойылды. Сондықтан Индустрияландыру картасының жобаларын уақтылы әрі сапалы іске асыру осы міндеттерге қол жеткізудегі басты элемент болып отыр. Биыл 1,2 трлн теңгеге 128 жоба іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл өндіріс көлемін 1 трлн теңгеге, экспортты 800 млн долларға ұлғайтуға, 12 мыңға жуық жұмыс орынын құруға мүмкіндік береді» - деді А. Мамин Үкімет отырысында.

Осы орайда Үкімет басшысы жобаларды іске қосу жағынан Қарағанды, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында оң серпін байқалғанын айтты.

«Ал 7 өңірде жобаларды уақытылы іске асыру бойынша жұмысты жандандыру керек. Бұл Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Өңірлердің әкімдеріне әр жобаның іске асырылуын жеке бақылауда ұстауды тапсырамын, жыл соңына дейін олардың пайдалануға берілуін қамтамасыз етіңіздер», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Индустрияландыру картасына қосу үшін жобаларды сапалы іріктеудің маңызы зор.

«Экспорттық әлеуетке, локализация мен қайта өңдеудің жоғары деңгейіне, импорт алмастыруға, шикізаттың қолжетімділігіне басымдық берілуге тиіс. Индустрия министрлігі осы бағыттар бойынша инвесторлармен жұмысты күшейтуі қажет. Жалпы Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіптің өсуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуға тиіс», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар