Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне өткендер белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Президенттік жастар кадр резерві үміткерлерінің «Қабілеттерін тестілеу» кезеңі аяқталды. 24 сағат ішінде үміткерлер күрделі мәтіндік және сандық ақпаратты талдау қабілеттерін анықтауға бағытталған тестіні тапсырды.

Әрқайсысы 25 тапсырмадан тұратын вербалды және сандық тестіге 25 минуттан берілді. Бұл кезеңде қатысушылар шектеулі уақыт ішінде мәтіндік материалдар мен құжаттарды талдады, сандық көрсеткіштері бар диаграммалармен, кестелермен жұмыс жасады. Тапсырмалар барынша зейінді және аналитикалық қабілетті талап етті.

Тестілеу верификациясына ең жоғары балл жинаған 904 қатысушы жіберілді.

Сандық және вербалды тестілердің күрделілігі үздік үміткерлерді іріктеуге мүмкіндік берді. Белгіленген талаптарға сәйкес, тестілеуді верификациялауға қабілеттерін тестілеу кезінде ең жоғары балл жинаған 1 000 адамнан аспайтын кандидаттар жіберіледі.

Қазіргі уақытта тестілеудің келесі кезеңі – тестілеуді верификациялауға жіберілгендер тізімі - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында және pkrezerv.kz онлайн-платформасында жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, іріктеуге қатысу үшін алғашқы тіркеуден 13 212 адам өтті, оның ішінде қыркүйек айының соңына дейін 7 312 үміткер тіркеу рәсімін толығымен аяқтады.

Тестілеуге 5 745 үміткер қатысты. Тестілеуді верификациялау 19 қазанда өтеді. Оны өту үшін үміткерлерге вебкамерасы мен микрафоны бар стационарлық компьютер немесе ұқсас гарнитурасы бар ноутбук қажет.

Соңғы жаңалықтар