Президенттік жастар кадр резервін мансапқа жету жолы деп қарамау керек – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Жасұланбек Майлыбай Президенттік жастар кадр резерві туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар жылында қолға алынған ірі әрі маңызды бастамалардың бірі – Президенттік жастар кадр резервін жасақтау. Бұл, ең әуелі, адами капиталдың маңыздылығын көрсеткен жоба болды деп есептеймін. Адамның қызметтегі жетістігі, еңбек өнімділігі мен тұрмыс сапасы тікелей оның білімі мен біліктілігіне тәуелді екенін ескерсек, әрбір кәсіби маман өз кезегінде мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күшіне айнала алады. Кадр резервінің мақсаты да дәл осындай білімді, білікті, ойлы, талантты, тәжірибелі жастарды іріктеу болды. Бұл байқауға қатысуға ниет білдірген жастар бес деңгейден тұратын, үміткерлердің қабілет-дарынын жан-жақты айқындауға негізделген тест, эссе, жоба қорғау, құзыреттілік бойынша сынама, әңгімелесу сияқты кезеңдерден өтіп, 300 адам іріктеліп шықты», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жоба қорытындысы белгілі бір тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Мемлекет осы арқылы меритократия қағидасына арқа сүйейтінін және оны барынша күшейтетінін көрсетті.

«Қазір елімізде жастардың саны 4 миллионға жуықтады. Бұл – Қазақстан халқының елеулі бөлігі. Сондықтан олардың тың ойларын, жалынды жігерін тұрғындары да жас, өзі де жас Қазақстанның дамуына пайдалану маңызды. Осы арқылы мемлекет ел жастары үшін әлеуметтік лифтті қамтамасыз етуде. Әділетті әлеуметтік лифт қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың да бірегей жолы. Осы орайда айта кетерлік жайт, жастар бұл жобаға тек мансапқа жету мүмкіндігі деп емес, керісінше, елге пайдалы ойларды іске асырудың мүмкіндігі деп қарағаны жөн. Бұл туралы Президентіміз де айтқан болатын», - деді Ж. Майлыбай.

Спикер Президенттің жастар кадрлық резервін мемлекеттік қызмет саласы бойынша қолға алынған іргелі саясаттың маңызды бөлігі деп атады.

«Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында тиімді әрі кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру керек екенін айтқан болатын. Ал, Президент Қ.К. Тоқаев мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін дайындығы толысқан жас кадрларды тарту керек деген еді. Кадрлық резерв осы мақсатты көздейтінін және бұл бастама бүгін маңызды бір межені бағындырғанын көріп отырмыз. Мұның барлығы жалпы алғанда мемлекетіміздің стратегиялық кадрлық жоспарлау саясаты жүйеленіп келе жатқанын көрсетеді», - деді Жасұланбек Майлыбай.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың анықталғанын мәлімдеді. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-де.

Жоба жеңімпаздарының толық тізімін Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтынан көруге болады.


Соңғы жаңалықтар