Президенттік резерв: 26 жастағы Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысында басқарма басшысы болды

None
None
​ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Президенттік жастар кадр резервіне енген Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы – бас мемлекеттік инспектор болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұжымға жаңа басшыны облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

​Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы 1994 жылы туған, білімі жоғары. 2015 жылы Жоғары бизнес мектебін – Ұлттық Луис университетін (WSB-NLU, Польша) «менеджмент», 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.

​Еңбек жолын 2011 жылы Алматы қаласындағы «Даке барлау» ЖШС-нің кадр бөлімшесінің инспекторы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті Персоналды басқару және құжатайналым қызметінің сарапшысы, басшысы; ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті Персоналды басқару және құжатайналым қызметінің басшысы; ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті Персоналды басқару және құжатайналым қызметінің басшысы қызметтерін атқарған. Өзге де түрлі қызметтерде еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған.

​Өткен жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Адами ресурстарды басқару департаменті Кадр жұмыстары басқармасының бас сарапшысы лауазымын атқарып келген.


Соңғы жаңалықтар