Президенттік кадрлық резерв жастар үшін жаңа белес болды - жоба жеңімпазы Дәулет Кәрібек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек Президенттік жастар кадр резерві туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, Президенттік кадрлық резерв арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтқан тармақтарының орындалуын көріп отырмыз. Бұл бастама 2019 жылдың ортасына таман айтылса да, жыл соңына жетпей, резервтің іске қосылуы апппараттың тиімді жұмыс істеуін көрсетеді. Бұл жерде резервке өткен 300 адамның тағайындалуы емес, басты мақсат - мемлекетшіл, отаншыл жастардың өтіліне қарамай, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруына, мемлекеттік қызмет істеріне араласуына мүмкіндік беру», - деді Д. Кәрібек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Президенттік кадрлық резерв дер кезінде жасақталды. Себебі, 2050 жылы Қазақстанда өмір сүретін де, оны үздік отыз елдің қатарына енгізу үшін жұмыс істейтін де - қазіргі жастар болмақ.

«Сондықтан, жастарды мемлекеттік қызметке тартудың осындай механизмдері жастар тарапынан жылы қабылданды. Жастар да жобаға қатысушы ретінде ғана емес, өздерінің бағындырар белесі ретінде, білімі мен тәжірибесінің, біліктілігінің сынға түсетін кезеңі деп қарады. Президенттің кадрлық резервіне енген отаншыл, білімді, креативті ойлайтын жастар мемлекетіміздің басты Стратегиясы – «Қазақстан-2050» жүзеге асыруға, отыз елдің қатарына енгізуге барын салуы тиіс. Себебі 30 елдің қатарына ену – білім сапасының, медицина сапасының, миллиондаған адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруын білдіреді», - деді «Jas Otan» өкілі.

Спикер Президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңдері туралы айтып берді.

«Бастапқы кезеңдері қиын болды, вербалды тест оңай болғанымен, математикалық тестті күнде жасап жүрмегендіктен қиынға соқты. Келесі кезеңдерде дайындықты күшейтіп, өзімізді жан-жақты көрсетуге тырыстық. Бұл резервті жастарға арналған жаңа бір белес деп айтуға болады. Кей сынақтар ойын түрінде өтті, ақпараттық жоба қорғадық. Әрбір тапсырған тестіміздің бейнекамераға жазылуы да іріктеудің ашықтығын, әділдігін көрсетті. Осылайша, үміткерлер әрбір кезеңде түрлі мүмкіндіктерін көрсете алды», - деді Д. Кәрібек.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың анықталғанын мәлімдеді. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-де.


Соңғы жаңалықтар