Президент Жолдауы: Жаңа оқу жылы, педагог жалақысы мен ғалымды қолдау қалай іске асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында білім саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктелген еді. Осы бір жыл уақыт ішінде коронавирус індетімен күрес жағдайында сол тапсырмалардың орындалуы қалай жүрді?

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшкенін, бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгерткенін айтқан болатын.

«Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», - деді Президент.

Осы орайда алдағы жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта бастау жоспарланған.

Бұл оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны, оның ішінде 380 мыңға жуық бірінші сынып оқушысын қабылдайтын болады. Штаттық режимде оқуды бастау үшін Білім және ғылым министрлігі мектептер жүктемесіне үлкен талдау жүргізді. Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша мектептердің 95 пайызының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, оқуды толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді.

Белгілі болғандай, мектептерге кейбір пәндерді қашық форматта өткізуге рұқсат беріледі.

Атап айтқанда, мектептерде оқу процесі қатаң түрде санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Яғни, білім ордаларында күнделікті термометрия, маскалық режим, кварцтау, желдету, дезинфекциялау; бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу; бастауыш, орта, жоғары сыныптарды дәлізде араластырмау үшін әр уақыттағы үзілістер белгілеу; ауысымдар санын арттыру; педагогтар мен мектептің басқа да қызметкерлерін медициналық қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда 100 пайыз вакцинациялау; бір сыныпқа бір кабинет бекіту жүзеге асырылады.

Сонымен қатар еліміздегі барлық мектеп қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. 1-11 сыныптарға арналған 13 мыңнан астам бейнесабақ «Күнделік» жүйесінде және интернет-ресурстарда орналастырылған. Барлық өңірге қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жеткізіліп, 264 мектепте күрделі жөндеу өткізілген.

Еске сала кетейік, 2020 жылы қашықтан оқу жүйесіне көшкен кездегі ең маңызды құралдың бірі - электронды оқулықтар болғаны анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Білім және ғылым министрлігіне оқулықтарды ведомствоның ақысыз құқықтарын бекітіп бере отырып, оларды кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Бұл тұрғыда отандық баспалармен оқулықтардың электронды нұсқаларын ақысыз пайдалану мәселесі келісілді. 1-11 сыныптарға арналған барлық электронды оқулықтар Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланды.

Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде колдедждердің 100 пайызы отыздан астам платформаға қол жеткізе алады.

21 мыңнан астам цифрлық ресурстарды қамтитын каталог құрылды:

- 13 мыңнан астам бейнесабақ;

- 3 848 электронды оқулық;

- 5 771 қосымша материал.

Атап айтқанда, 30 368 ұстаз ІТ-құзіреті бойынша біліктілігін арттырды. Қашықтан оқу платформалары мен бағдарламаларын пайдалана отырып 20-дан астам нұсқаулық әзірленді.

Сонымен қатар, алдағы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер дәстүрлі форматта оқуды бастайды.

Айта кеткен жөн, жоғары оқу орындарының шешімі бойынша оқуды аралас форматта да өткізуге болады. Яғни, дәрістер онлайн, ал семинарлық, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн режимде ұйымдастырылады. Ал, қашықтан оқыту форматы ерекше білім беру қажеттіліктері бар және тәуекел топтағы студенттерге қатысты қолданылуы мүмкін.

Педагогтар жалақысы

«Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді», - деп айтқан еді Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында.

Бұл тұрғыда Президенттің мұғалімдердің жалақысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайызға арттыру тапсырмасы бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды.

Тек қана мектеп мұғалімдерінің ғана емес балабақша педагогтерінің, қосымша білім беру, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандарының да еңбекақылары көбейіп жатыр. Сонымен қатар мұғалімдер біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша ала алады. Өз ісінің шебері болса, ай сайын еңбекақыға қосымша 50 пайыз төлем алып отыруға да болады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін де қосымша ақы төленеді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң педагог бағытына оқуға түсетіндер деңгейіне өте жақсы ықпал еткен екен. Осы мамандықты таңдайтын талантты балалар саны артты. Биыл педагогикалық бағыттар бойынша 9 066 грант тағайындалды. Орташа балл 75-ке дейін артқанына қарамастан, балалар келіп жатыр. Конкурсқа 19 133 адам қатысты. Олардың арасында бір мыңға жуық талапкер 130-дан астам балл жинаған. Шын мәнінде үздік талапкерлер педагог мамандығын таңдай бастады. Олардың ішінде 20 пайызға жуығы «Алтын белгі» иегерлері болып отыр. Биыл оқуға түскендердің орташа балы да күрт өскен. Бұл өз кезегінде осы саланың тартымды бола бастағынан байқатады.

Жақында педагогтардың Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтарды жария етті.

Ведомство басшысы 2022 жылдың қаңтарында балабақша мен мектеп, колледж педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін айтты. Ал 2021 жылдың қыркүйегінен педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Бұл тақырып бойынша талқылау мен пікіралмасулар болды. Талқылау нәтижесінде тиісті бұйрыққа жақында қол қойылды. Осы орайда бұған дейін педагогтарды жұмысқа қабылдауды директор жүргізсе, енді бұл қадамдар электронды форматта конкурс арқылы іске асырылады. Бұл ретте нақты көрсеткіштер мен өлшемшарттар бойынша мектеп пен комиссия педагогты қабылдау тұрғысында шешім қабылдайды.

Жас ғалымды қолдау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ғылым саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

«Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде аталған екі тапсырма да орындалып отыр.

Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағлымдамадан өту үшін ғалымдарға бөлінген 500 грантты, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға арналған 1000 грантты қаржыландыру механизмдері анықталды. Ғалымдарға тағлымдамадан өтуге бөлінген 500 грантты қаржыландыру үшін 1,35 млрд теңге көлемінде бюджеттік өтінім қабылданды.

Сондай-ақ, тағылымдамадан өту ережелері пысықталып, үміткерлерді іріктеудің талаптары әзірленді. Тағылымдамадан өткісі келетін 1000 жас ғалымның мәліметтер қоры жасақталған. Ал «Жас ғалым» жобасы аясында байқауды қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлу мақұлданған.


Соңғы жаңалықтар