Президент: Үкімет пен Ұлттық банк 2025 жылға дейін инфляцияны 3-4 пайызға азайтуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны мақсатты дәлізге, яғни 2022 жылға дейін 4,7 пайыздық деңгейге қайтарып, 2025 жылға дейін 3-4 пайызға азайтуы керек. Құзыретті органдарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфляцияның тұрақты төмендеуі, инфляциялық және девальвациялық болжамдардың тұрақталуы – ақша-несие саясатын жеңілдетудің негізгі шарттары. Сол себепті Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны мақсатты дәлізге, яғни 2022 жылға дейін 4,7 пайыздық деңгейге қайтарып, 2025 жылға дейін 3-4 пайызға азайтуы керек. Бұл жөнінде Ұлттық банк төрағасы баяндамасында айтты. Алайда бұл міндетті енді орындау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қаржы секторының тұрақтылығы – экономиканы дамытуда айқындаушы фактор.

«Былтыр банк активтеріне тәуелсіз талдау жүргізілді. Кешенді стресс-тестілеу өткізілді. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жеке жоспарлар әзірленді. Бұл банктердің бәріне бірдей көмектесе қойған жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне банктер мен олардың акционерлерінің жеке жоспардағы шараларын міндетті түрде орындауын қадағалауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар