Президент тапсырмасы: Суармалы жер көлемін ұлғайту бойынша 1 млн га жер айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының суармалы жерлер көлемін кезеңмен 3 млн гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта су шаруашылығы инфрақұрылымы жүргізілген суармалы жерлердің көлемі 1,5 млн гектарды құрайды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2017-2019 жылдар кезеңінде 146 мың га суармалы жер қалпына келтірілді. Бұл ретте 2017-2018 жылдары қалпына келтірілген 80 мың га суармалы жердің 37,7 мың гектары ғана (Ақтөбе – 1,4 мың га, Алматы – 11,3 мың га, Жамбыл – 20,4 мың га, Қарағанды – 0,63 мың га, Солтүстік Қазақстан-1,6 мың га, Шығыс Қазақстан – 2,32 мың га) мақсатты түрде пайдаланылады», - деді вице-министр ведомствоның алқа мәжілісінде.

Айдарбек Сапаров қалпына келтірілген жердің мақсатты түрде пайдаланылмауының себептерін атады. Оның айтуынша суару жүйелерінің, жаңбырлатқыш техниканың болмауы, қаржылық және басқа да проблемалар баршылық.

«Осыған орай облыс әкімдіктері қалпына келтірілген су шаруашылығы инфрақұрылымдарында жерді мақсатты пайдалану бойынша шаралар қолдануы қажет. Биыл 2019 жылы орындалмаған көлемді ескере отырып 182 мың га суармалы жер алқабын қалпына келтіру жоспарлануда», - деді ол.


Айдарбек Сапаров, сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін кезеңмен 3 млн гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып өтті.

«Қазіргі таңда облыс әкімдіктері 1 млн га шамасындағы жерді алдын-ала айқындады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жекешелік әріптестіктің қатысуымен ирригациялық жүйелерді салу және жаңа суармалы жерлерді дамыту жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды, суару тәсілдерін және өсірілетін дақылдар құрылымын айқындау жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте министрлік, сонымен қатар, енгізілген суармалы жерлерді тиімді пайдалану жұмыстарын жүргізуде», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар