Президент тапсырмасы: Қазақстанда жол салу мен жөндеудің кешенді жоспары әзірленіп жатыр

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Елімізде жол салу мен жөндеуге арналған кешенді жоспар дайындалып жатыр. Бұл туралы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының сынынан кейін біз жолдың сапасына мән беруді ерекше қолға алдық. Ол үшін бүгінде жолды салу мен жөндеудің кешенді жоспары әзірлену үстінде. Яғни, заңнамалық, техникалық және нормативтік актілер қайта қаралады. Ендігі уақытта орындалған жұмыстың сапасы қатаң бақыланады. Оның ішінде жол құрылысы материалдарының сапасына да мән беріледі. Қазір елімізде салынып жатқан барлық жол учаскелерінде жұмыс барысын бақылайтын аттестатталған зертханалар бар», - деді Т. Смағұлов.

Оның айтуынша, бүгінде жол салатын мердігер компанияларға қойылатын талап қатаңдатылып жатыр.

«Сонымен қатар, жол салу мен жөндеу барысын бақылап, тексеру мақсатында отандық мамандармен қатар, шетелдік мамандарды да тартып жатырмыз. Одан бөлек, министрлікке қарасты жол активтері ұлттық сараптама орталығы жұмыс істейді. Бұл мекеме еліміздегі жолдардың салынуы мен сапасын тікелей әрі тәуелсіз қадағалайды», - дейді ол.

Еске сала кетсек, биыл сәуір айында Президент сынынан кейін жұмысын дұрыс атқармағаны үшін «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар