Президент тапсырмасы: Басым жобаларға несие беру тетігі бойынша 600 млрд теңге бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі АӨК өндірісін арттыру, өңдеуші өнеркәсіп пен көрсетілетін қызметтерді жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау үшін Ұлттық банктің меншікті қаражатының және оның басқаруындағы қаражаттың есебінен 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, 2018 жылдың 23 қарашасында Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов «Атамекен» ҰКП, «ҚИДИ» АҚ басшыларымен бірге «Атамекен» ҰКП алаңында кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдарға арналған Басым жобаларға кредит беру тетігі нормаларын түсіндірген болатын. Тетік Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған.

«ЕДБ-ға басым жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін 600 млрд теңгеден кем болмайтын көлемде ұзақмерзімдік теңгелей өтімділікті қамтамасыз ету тапсырмасы қабылданған. Осыған байланысты, 2018 жылғы 19 қарашада № 820 «Қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін ұзақмерзімдік теңгелей өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысы қабылданған еді. Осылайша, Ұлттық банктің меншікті қаражатының және оның басқаруындағы қаражаттың есебінен 600 млрд теңге бөлінетін болады», - делінген ҰЭМ хабарламасында.

Қаражат мерзім, ақылылық және қайтарым шарты бойынша жарғылық капиталы 60 млрд теңгеден кем болмайтын банктердің облигацияларын сатып алу жолымен беріледі. ЕДБ-ға берілген қаражат мынадай мақсаттардағы басым жобаларды қаржыландыруға бағытталады:

- АӨК-тегі қайта өңдеуге - 100 млрд теңгеге дейін;

- АӨК-тегі өндіріске - 100 млрд теңгеге дейін;

- өңдеуші өнеркәсіп пен көрсетілетін қызметтерге - 400 млрд теңгеге дейін.

Бұл ретте ШОБ субъектілері іске асыратын жобаларға 100 млрд теңгеден кем болмайтын несие берілетін болады.

Кредиттерді банктер 15 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша ұсынады. Оның 8 пайызын кәсіпкер төлесе, айырмасын мемлекет субсидияламақ.

«Субсидиялау: ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өңдеуші өнеркәсіп және көрсетілетін қызметтер бағыттары бойынша, операторы «Даму» КДҚ» АҚ болатын, БЖК-2020 мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс жобалары бойынша субсидиялау әрекет етудегі тетіктер, яғни АӨК мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. Жобаларды іске асыру ЭҚЖК нақты бір түрі бойынша тіркелген тауарлар тобына сәйкес орындалатын болады», - делінген министрліктің хабарламасында.

Несиелеу ЭҚЖК нақты бір түрі бойынша тіркелген тауарлар тізбесіндегі бірден кем емес тауар шығару шартына сай жүзеге асырылады.

Тауар позициясын іріктеу кезінде жергілікті шикізат пен өндірістің болуы, сондай-ақ импорттың азаюы есепке алынған. Салалық мемлекеттік органдар және ұйымдар, «Атамекен» ҰКП және «ҚИДИ» АҚ-мен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 36 тауар тобынан, 65 ЭҚЖК және 365 тауар позициясынан тұратын басым жобаларға несие беруге арналған тауарлардың тізбесі жасалып қойған.

Соңғы жаңалықтар