Президент тапсырмаларын орындау үшін Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс тобы құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық даму жоспары әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Жалпы 80-нен астам тапсырма берілді. Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық даму жоспарын әзірлеу қажет. 3 заң актісі қабылданады. Бұл: жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» Заң, Бюджет кодексіне өзгерістер және Денсаулық кодексі. 3 бағдарламалық құжат бекітіледі. Бұл: Ақша-кредит саясаты стратегиясы, Сауда саясаты бағдарламасы және Су ресурстарын басқару бағдарламасы«, - деді министр.


Оның айтуынша, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды және жедел пысықтау қажет.

«Осыған байланысты, Асқар Ұзақбайұлы, Сіздің басшылығыңызбен Үкіметте жұмыс тобын құру ұсынылады. Жұмыс тобы аясында 10 шағын топты айқындау ұсынылады. Бұл топтар Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын қамтиды. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары шағын топтарды басқарады және оларға дербес жауапкершілік жүктеледі«,- деді ол Премьер-Министр Асқар Маминге қарата.

Министрдің сөзіне қарағанда, осы жұмысқа сараптамалық қоғамдастық пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін белсенді тарту жоспарланған.

«Шағын топтардың жұмысын үйлестіруді Сіздің орынбасарларыңызға жетекшілік ететін салаларына сәйкес бекіту ұсынылуда», - деді Руслан Дәленов.


Соңғы жаңалықтар