Президент Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құруды ұсынды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құруды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі Форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, Тұрақты даму мақсаттары жөнінен өткен алғашқы форум 2019 жылғы Астана экономикалық формуының негізгі іс-шарасына айналды.

«Биыл шілде айында біз алғаш рет ерікті түрде, Қазақстанның жетістіктері мен шешілмеген мәселелері және алдағы он жылдықта жасалуы тиіс мүмкіндіктер бойынша ұлттық шолу жасадық», - деді Президент өз сөзінде.

Мемлекет басшысы Тұрақты даму мақсаттарының, жалпы планетаның келбетін қалыптастыратын өзара байланысына назар аудара отырып, жекелеген санаттардың немесе елдердің жетістігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын да айтты.

Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шараны іске асыруды ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, біріншіден, Тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстарының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының шөлейттену, жасыл желекті қалпына келтіру, эрозия, тұздану, сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттарының маңыздылығын атап өтті.

Тағы бір пәрменді шара ретінде Президент Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құруды атап өтті.

«Бұл Тұрақты даму мақсаттарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жүзеге асыруды жеделдететін еді», - деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, бүкіл аймақты өркендету үшін ең алдымен ынтымақтастық пен серіктестік қажет.

«Бүгін біз өз міндеттемелерімізді нақты іс-әрекеттерге айналдыру үшін осы маңызды мүмкіндікті пайдаланамыз. Біздің әрқайсымыз қауіпсіз әлемге, инклюзивті өсімге, болашақ ұрпағымыздың мүддесі үшін тұрақты дамуға үлес қосуға моральдық тұрғыда міндеттіміз», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебаттарында сөз сөйлегенін хабарлаған болатынбыз.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен, Польша Президенті Анджей Дудамен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Соңғы жаңалықтар