Президент: Каспий итбалығы – трансшекаралық биоресурс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы Каспий саммитінде теңіздегі итбалық популяциясына төніп тұрған қауіп туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәрімізге ортақ теңіздің экологиялық проблемалары сөз болғанда Каспий итбалығының басындағы мүшкіл ахуалды айтпай кете алмаймын. Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. Бұдан бөлек 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз», -деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізіндегі табиғи ресурстарды заңсыз игерумен күрестің маңыздылығына тоқталды.


«Өкінішке қарай, биоресурстарды заңсыз игерудің, балық өнімдерін алудың, бекірені заңсыз жолмен сату мен сатып алудың фактілері әлі кездеседі. Осы сияқты заңсыздықтардың алдын алып, күресу үшін біздің сарапшылар тиісті қаулы жобасымен жұмыс істеп жатыр»,- деді Президент.


Фото: www.wallpapermaiden.com


Соңғы жаңалықтар