Президент ескертті: Эпидахуал тұрақтанбаса Үкіметке қатысты кадрлық шешім қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар», - деді жиынды ашқан ҚР Президенті.


Мемлекет басшысының атап өтуінше, пандемиямен күрестің сәтті өтуі кемінде қысқа және орта мерзімде елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі элементтерінің біріне айналып отыр.

«Әлемдік қалыпқа келу өсімінің жиегінде қалып қоймау, аутсайдер елдер санатына түсіп қалмау маңызды. Иммундау қарқыны бойынша көшбасшы елдерден біршама арта қалып келеміз. Бүгінде иммундау курсын шамамен 47 мың адам (бірінші компонентпен 137 346 адам) аяқтады. Жағдайдың мұндай себебі қарапайым – вакцина жетіспеушілігі», - деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметі Спутник V бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакцинацияға қажеттілігін толықтай қамтамасыз ететіндігін айтып сендіргендігін атап өтті.

«Осы ақпараттың негізінде мен жаппай вакцинациялау 1 ақпаннан басталатындығын айттым. Екі ай өткеннен кейін халықтың 0,1 пайызға да жетпейтін бөлігі вакцина алған. Ендігі маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті коронавирусқа қарсы вакцина жоғары температураға сезімтал екендігіне назар аудартты.

«Оларды тасымалдау, сақтау, тікелей егуге қатысты барлық аспектілерді тыңғылықты пысықтау қажет. Еңбек ұжымдарында, жекелеген жұмыс майдандарында коронавирустың бірнеше мәрте өршігенін ескере отырып, кәсіпорындардың, әсіресе жүйелі әрі қала құраушы кәсіпорындардың жұмысшыларын белсенді иммундау қажет. Вакцинацияның ұзаққа созылуы – бұл абсрактілі емес проблема. Сөз елдің ұлттық қауіпсіздігі жайында болып отыр. Бұл қосымша науқастар және азаматтарымыздың өлім-жітімі. Бұл бизнестің табыстан айырылуы, бюджетке салықтың толық түспеуі, ұлттық байлықтың жалпы төмендеуі», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ҚР Президенті еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысына көңілі толмайтындығын ашық білдірді.

«Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екендігін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен, одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір бойы сіз жағдайды дұрыстауыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты. Шектеулер мен одан кейінгі рейдтер де күтілген нәтижеге қол жеткізбей әлеуметтік шиеленіске себеп болып отыр. Мониторинг топтарының жұмысы кейде іріктеумен, ашық емес сипатқа ие болып, бір мекемелер үнемі тексерілсе, кейбірі мүлдем тексерілмейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы прокуратура жанында рейд кезіндегі заң бұзушылықтарға шағым жасауға болатын колл-орталықтар жұмыс істеуі тиістігіне назар аудартты.

«Үкімет жанындағы ведмоствоаралық комиссия әкімдермен бірге мониторинг топтарының жұмысын ретке келтіруі тиіс», - деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Үкіметке зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге шегеру мәселесін жедел пысықтауды жүктеді.


«Екіншіден, салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керек. Бұл шаралар шын мәнінде жаппай вакцинациялау басталғанға және шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін қолданыста болуы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, ақпан айынан бастап ПТР-зерттеу нәтижесі жоқ әуе жолаушылары санының екі есеге артқаны байқалады. Егер 2020 жылдың қаңтарында Қазақстанға ПТР анықтамасыз келетін тұлғалардың үлесі 7,3 пайызды құраса, қазіргі уақытта ол 27 пайызға жетіп отыр. Соның салдарынан елімізде коронавирустың мутацияға ұшыраған жұққыштығы біршама жоғары үш штаммы да анықталып отыр.

«Жұқтырудың жалпы өсімі жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің көбейуімен, сонымен қатар өлім-жітім жағдайларының өсімімен бірге келе жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «СҚ-Фармацияның» жұмысын да сынға алды.

«Жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдарының тапшылығы немесе сапасының төмендігі байқалуда. Біз «СҚ-Фармация басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда - жұмыстан босатылады», - деп ескертті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев е азаматтарын екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды.

«Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты. Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар