Президент цифрландыруға жауапты вице-министрлерді не үшін сынады – Бағдат Мусин жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вице-министрлерді не үшін сынағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмысының нәтижелілігін сынға алды. Президент жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамына баға беруді тапсырды.

«Шын мәнінде, кейбір ведомстволарда цифрландыруға жауапты вице-министрлер компьютерлік техника сатып алып, серверлерді сатып алу үшін техникалық сипаттамалар жазатын ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-министрлерге айналып кетті. Егер басшылықта интернеттен ақау табылса, осы реттеу жұмыстары цифрландыру жөніндегі вице-министрге жүктелді. Шын мәнінде, цифрландыру жөніндегі вице-министр цифрлық трансформацияны ілгерілетумен айналысуы керек. Цифрлық трансформация процестерді автоматтандырудан өзгешеленеді», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде тілші жауабына.

Министр автоматтандыру мен цифрлық трансформацияның айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді.

«Автоматтандырумен қандай да бір әдістемелік тапсырмалар берілген кезде айналыстық. Мысалы, жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе құқық беру. Бұл құқық заңнамалық актілерде және тиісті нұсқаулықтарда сипатталды. Оған жетекшілік ететін салалық вице-министр немесе салалық департамент оны автоматтандыру керек деп жазды, содан кейін IT мамандары осы процестерді автоматтандырумен айналысты. Біз қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді негізге алып, бизнес-процестерді автоматтандырумен айналыстық», - деді Б. Мусин.

Бұл ретте Цифрлық даму министрі автоматтандырудың қолданыстағы процестерді жолға қою екенін атап өтті. Ал цифрлық трансформация –қазіргі процестерді толығымен қайта қарау.

«Мысалы, өткен жылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің көп екенін байқадық. Онда да жағдайды түзетуге, ондағы процестерді автоматтандыруға болар еді. Бірақ біз көптеген қызметті онлайн режимінде көшіруді ұйғардық. Екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, автокөлікті онлайн сату, онлайн тіркеу сервисі жасалды, цифрлық трансформация дегеніміз осы. Сол кезде біз ЭЦҚ, интернет, деректер базасы және биометрия бар екенін түсіндік. Онда адамдарға ХҚКО-ға барудың не қажеті бар? Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жасағанымызда олар да келісім беріп, идеяларды жылдам іске асырдық. Қазір автокөліктердің 36 пайызы онлайн режимде қайта рәсімделеді. Адамдар ХҚКО-ға бармайды. Енді кез келген процесті қайта қарастыру қажет. Міне, цифрлық трансформация жөніндегі вице-министрлер әр процесті автоматтандырып қана қоймай, бастан-аяқ қарастыруы керек, Президент осыны сынға алды», - деп түсіндірді Бағдат Мусин.

Мысал ретінде министр мүгедектігі бар адамдардың мүгедектік белгілеу мен жәрдемақы алу үшін 4 орынға баруға мәжбүр болғанын еске салды.

«Бұл процесті Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрімен бірлесіп, толығымен қайта қарап, жаңа механизм ұсындық. Адам емханаға тек бір рет барады, медицина қызметкері бәрін дерекқорға енгізеді, содан кейін барлық процесс онлайн режимде өтеді, онымен байланыс SMS немесе мобильді қосымша арқылы жүреді. Цифрлық трансформацияның да негізгі мәні сол –барлық процесті қайта қарау, бар нәрсені автоматтандырмау. Қасым-Жомарт Кемелұлының да, менің жұмысымның да күтетіні осы. Цифрландыру жөніндегі әрбір вице-министр салаға терең үңіліп, трансформациялауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдермен және т.б. қазіргі жағдайды өзгертуге көмектесетін жаңалықтарды ұсынуы қажет», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар