Президент айтқан реформалар партиялық жүйені эволюциялық дамытуға арналған - Мадина Бектенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бүгін өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылымындағы депутаттарының бірінші сессиясы барысында Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бетін ашты. ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова осылай айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мүшелерінің, соның ішінде жаңа сайланып, халықтың сенім мандаттарына ие болған депутаттардың алдағы белсенді жұмысы мен жауапкершілікті қызметіне деген үмітін білдірді. Мемлекет басшысы бұл орайда, Парламенттің тек заңдарды талқылап қабылдаумен шектелмей, қоғамды толғандырып жатқан өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс екенін айтты. Демек, қоғамның ахуалы, өзекті мәселелері мен негізгі талап-сұраныстары туралы депутаттардың хабары болуы және бұл мәселелер ең алдымен, Парламентте талқылануы қажеттілігі алға қойылды», - деп атап өтеді сарапшы.

Елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға өткен сайлау қазақстандық парламентаризмнің тарихындағы жаңа кезеңін ашып қана қоймай, мемлекеттің саяси жүйесін жұмыстың жаңа режимі мен жаңа деңгейіне ілгеріледі.

Бұл сайлаудың өзі мемлекетімізде жүзеге асып жатқан реформалардың бірінші бөлігінің іс жүзіндегі көрінісіне айналуда. Оған сәйкес партиялар үшін жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынылып, тиісті заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Ол еліміздегі көппартиялықты дамыту және парламентаризмді нығайту үшін едәуір серпін бергені анық.

Сарапшының айтуынша, бүгінгі сессияда жарияланып жатқан реформалардың бірқатары Қазақстанның партиялық жүйесін ары қарай эволюциялық дамытуға арналған. Яғни, өткен сайлауда партиялар тарапынан, сайлау процесіне қатысқан мамандар, байқаушылар мен сарапшылардың тарапынан айтылып келе жатқан ұсыныстардың ескеріліп жатқаны аңғарылады.

Осы орайда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету туралы айтылған бастама өте уақтылы, әрі париялардың алдағы сайлаулардағы мүмкіндіктерін арттырады, жаңа партиялардың құрылып, алдағы уақытта депутаттыққа сайлану үшін оларды ынталарындырады.

Сонымен қатар жалпы реформалардың енгізілуі құқықтық, азаматтық принциптерді сақтау үшін маңызды. Бұл тұрғыдан азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету маңызды. Ол, әсіресе, сайлау жүйесіне қатысты. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік сайлау жүйесіндегі бюллетеньдерінде азаматтық таңдау қағидаларының аяғына дейін сақталмай жатқанның белгілері бар. Ол туралы Мемлекет басшысы да: «Баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс» - деп анығын айтты.

«Бұл саяси реформалардың тек бір бөлігі, оның үстіне ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық реформалардың да маңызы өте үлкен. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуы барлық салаларда дәйекті өзгерістердің болуын қажет етеді. Бүгінгі айтылған реформалар мен басымдықтардың мақсаты сол өзгерістерді заңға сәйкес, сапалы әрі тиімді өткізуге бағытталған», - дейді Мадина Бектенова.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік саладағы реформалар ауқымы өте үлкен және өзекті. Пандемия салдарынан халқымыздың басым бөлігі зардап шегіп отыр. Сол үшін, адам капиталын құрайтын барлық салалар бойынша тың әрі уақытылы өзгерістер мен шараларды енгізу бірінші қатардағы мәселе. Денсаулық, білім беру, әлеуметтік қолдау, еңбек нарығы мен зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі жоспарланған реформалар көп күттірмей жүзеге асуға міндетті шаруа.

«Бұл ретте, әсіресе, 2025 жылға дейінгі ел дамуының Ұлттық жоспары мен Әлеуметтік кодекстің өз нәтижелерін беретініне сеніп артып отырмыз. Сондай-ақ мәслихаттардың құрамы жаңарып, жаңа серпін беру арқылы аймақтардың жағдайы, әсіресе ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлінетіні қуантарлық жағдай.

Біз байқап отырғанымыздай, мемлекетімізде реформаларды енгізу үдерісі байыппен, орынды әрі эволюциялық сипатта болып жатыр. Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты болғандықтан, жаңа Парламент оларды табысты жүзеге асыруға бар ынтасы мен білімін салатынына сенімдіміз, дейді ол.


Соңғы жаңалықтар