Президент: Алдағы сайлау еліміздің саяси институттарды демократияландыруға Қазақстанның ықыласты екенін дәлелдейді

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған күрделі экономикалық дағдарыс көптеген елді қамтыды, сондай-ақ, бүкіл әлемдік экономикаға кері әсер етті. Бұл туралы ҚР Президентінің Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы туралы үндеуінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған күрделі экономикалық дағдарыс көптеген елді қамтыды, сондай-ақ, бүкіл әлемдік экономикаға кері әсер етті. Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Осы басымдықтар жөнінде менің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтылды. Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді»- делінген Президент Үндеуінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады.

«Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық. Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын»- деді Қ. Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар