Президент Әкімшілігіне ел тұрғындары қандай мәселемен жиі шағымданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарастыруды қадағалау бөлімі биылғы жыл басынан бері еліміздің әр өңірінен 401 азаматты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына көшпелі қабылдау (22 адам) да ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарына қолайлы болуы үшін, барлық облыстар мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерін селекторлық жүйеге қоса отырып, 75 адамның өтініші қарастырылды.
Өтініштердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан (37,4%) мен Алматы (9,2%) қалалары, Батыс Қазақстан (7,7%) және Қарағанды (6,2%) облыстары мен Шымкент (5,4%) қаласының тұрғындарынан түскен. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтаннан – 150 адам, Алматы қаласынан – 37, БҚО-дан – 31, Қарағанды облысынан – 25, Шымкент қаласынан – 22, Ақмола облысынан – 22, ШҚО-дан – 21, Маңғыстау облысынан – 15, Алматы облысынан – 13, Павлодар облысынан – 11, Жамбыл облысынан – 10, Түркістан облысынан – 10, Қостанай облысынан – 10, СҚО-дан – 8, Қызылорда облысынан – 5, Ақтөбе облысынан – 4 және Атырау облысынан 2 азамат жүгінген.
«Азаматтар көбінесе құқық қорғау органдары (33%) мен сот органдарының (16%) қызметіне, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына (29%) қатысты, банк саласына (8,2%), денсаулы сақтау саласына (2,6%), зейнетпен қамту саласына (2%) қатысты арыз-шағымдар түсіріп жатады. Басқа да сабақтас мәселелер 20% шамасында. Қабылдауға жазылмақшы ниеттегі адамдардың саны арта түсуіне байланысты қазіргі шақта қайта қабылдауларды қысқарту шаралары қарастырылып жатыр. Осы мақсатта қайта қабылдауға жазылған азаматтардың өтініштері сараптаудан өткізілді.
Биылғы наурыз айына түскен 150 шағымды тексергенде, оның ішінде 47 адамның, тыңғылықты жауап алғанына немесе шағымдарының негізді түрде қанағаттандырылмағанына қарамастан, қайта шағымданғаны белгілі болды», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарастыруды қадағалау бөлімінен.
Есепті кезеңде тәуелсіз заңгерлер, мемлекеттік органдар берген жауаптарға жасалған сараптама негізінде, 36 қорытынды дайындап шыққан. «Қазіргі уақытта осындай жұмыс сәуір-мамыр айына қабылдауға жазылған өтініштерге де қатысты жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, жүргізілген кешенді шаралардың арқасында, ҚР ПӘ қабылдауына өтініш түсірген азаматтардың проблемаларын шешу барысында жағымды өзгерістер болғаны байқалады», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар