Премьер-Министр электронды сауданы дамыту бойынша тапсырмалар берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин электронды сауданы жолға қою бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда, әсіресе пандемия жағдайында әлемдік трендтерге сәйкес Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Электронды сауданың бөлшек сауда айналымындағы көлемі мен үлесі бір жарым есеге өсті. Нарықтың осы сегментінің перспективасы үлкен, әрі экономиканың ілеспе секторлары – логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге, еңбек нарығына және тағы басқаларға мультипликативті әсерін тигізеді, - деп атап өтті Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы алда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын және киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұрғанын жеткізді.

«Біріншіден, болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай аралас салаларды ескере отырып, 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы ретте Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» палатасымен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Соның ішінде, осы бағдарламаға жастарды белсенді тарту қажет.

Екіншіден, сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында Сауда, Цифрлық даму министрліктеріне логистиқалық орталықтар желісін және қазір құрылып жатқан ұлттық тауар өткізуші жүйені дамыту бойынша Жоспарды үйлестіруді тапсырамын», - деді А. Мамин.

Үшіншіден, Премьер отандық онлайн сауданы дамыту үшін Цифрлық даму министрлігіне Сауда министрлігімен және Қазақстан Даму банкімен бірге онлайн бизнеске несие беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Сонымен бірге, инновациялық технологиялық шешімдерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететінін, Цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді Үкіметтің қарауына биыл ұсыну қажеттігін айтты.

«Бесінші, онлайн саудада тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажет. Сауда министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірге «бір терезе» қағидаты бойынша Тұтынушылардың арыздары мен ұсыныстарын қабылдаудың бірыңғай платформасын іске қосуды жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды тапсырамын. Айтылған тәсілдерді ескере отырып, Сауда министрлігі мен Цифрлық даму министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Электрондық сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасын жандандырып, іс-шараларды орындаудың нақты мерзімдерін белгілеуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар