Праймериз қорытындысы: жастар рейтингісінде көш бастаған кімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризі өз мәресіне жетті. Праймериз Қазақстанның ауыл-аймақтары, аудандарында саяси үрдісті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар депутаттыққа жастардың, көпбалалы аналар, волонтерлер, мұғалімдер мен дәрігерлердің баруына жол ашты. Праймериз Қазақстанда саяси плюрализмді, жаңаша саяси мәдениетті де қалыптастырып жатқандай. Билікке жалындаған жігерлі жастардың тікелей араласуына да септігін тигізді. Тіркелген үміткерлердің 29 %-ы – 35 жасқа дейінгі азаматтар осының айғағы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериз сабақтастықты сақтай отырып, партия қатарын жаңартуға мүмкіндік беретін әлеуметтік лифтке айналды деген пікір білдірді. «Біз ауқымды партиялық шараны бірінші рет өткіздік. Партия бақылауына алуы үшін көптеген ұсыныс-тілектер, мәселелер айтылды. «Nur Otan» - нақты істің партиясы. Бәрі міндетті түрде орындалуы керек», - деді Елбасы.

Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың айтуынша, праймеризде белсендік танытқан азаматтардың ішінде өзінің позициясы бар, ойын еркін әрі ашық айта алатын жастар баршылық. Олар өз бағдарламаларында дәл қазір елде ушығып тұрған проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсына алған. Жастар – мемлекеттің экономикалық және рухани дамуының локомативі. Жастардың көзқарасында жаңашылдық бар, креативті ойлай алады. Олар еліміздің даму жолында елеулі үлестерін қоса алатынын жан-жақты көрсете алып жүр. Мұндай жастарды қолдау қажет. Праймериз сондай жастардың саяси сахнаға өтуіне мүмкіндік жасады. Елордада Праймериз нәтижесі бойынша алға шыққан 35 жасқа дейінгі жастардың көшін Алматы ауданынан қатысқан Бақдәулет Жанділдаев пен Байқоңыр ауданынан Расул Медетов бастап тұр. Алғашқысы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі болса, екіншісі – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері. Екі азамат та елімізде жең ұшынан жалғасып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көзге түскен тұлғалар. 22 жасар Жанділдаев Мәслихатқа баруды көздесе, 34 жасар Медетов ҚР Мәжілісіне баруды мақсат еткен.

Елбасының жақында жарыққа шыққан «Абай аманаты» атты мақаласында дана Абайдың «талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы мектепті бітірген бойда тәуекелге бел байлап, Арқа төсіне Теміртауға аттанғаны туралы жазды.

«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» демеп пе еді жарықтық Абай даладағы қой соңында жүрген қазақ баласына. Ондағысы «алыс-жақын демей, баратын жеріңе барып, маңдай тер, табан ақың арқылы кәсіп үйрен, нәпақаңды жи» дегені ғой. Біз қаршадайымыздан еңбекқор болып өстік. Қатарластар бәріміз әке-шешелерімізге қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жарып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын шаруаны атқарысып, қара жұмысқа әбден төселдік. Кейін туған жерден шалғайдағы Теміртауда, «Карметкомбинаттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалдық, - деп жазды ол.

Назарбаевтың осы тұжырымын жастардың қолдайтыны аңғарылады. Мемлекет қазақ жастары үшін түрлі жобалар, оқу гранттары, кадрлық резерв сияқты мүмкіндіктерді беріп жүр. Соның бірін қалдырмай пайдасына асырып, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі департамент директоры Расул Медетов кешегі Праймеризде 35 жасқа дейінгі жастардың ішінде көш бастады.

Расул Медетов Батыс Қазақстан облысының тумасы. Дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Оны өсіріп жеткізген анасы – балалар дәрігері.

Ол Елбасының жастарды қолдауға арналған сәтті жобаларының бірі «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Шеффилд университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Елбасының «жастар өңірлерге барып қызметке араласу керек» деген тұжырымы аясында, Қазақстанның бірқатар аймағында Ақтөбе, Атырау, Орал, облыстарында және Алматы қаласында мемлекеттік қызметте болып, нәтижелі қызмет атқара білді. Мемлекеттік қызметте қарапайым маманнан департамент басшысына дейін «өсті». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервіне де енді. Мемлекеттік қызметте үздік нәтижелерге жеткен Медетов резервке өту арқылы мемлекеттік лауазымдарға – басқару лауазымдарына өзі білімімен тағайындалды. Ол әлеуметтік теңсіздікті жою, Қазақстандағы кедейшілік, жалақыны бюджет қызметкерлеріне бірдей көтеру, қызметкерлердің баспана мәселесін шешу, декреттік демалыстағы аналардың баласы 3 жасқа толғанша жәрдемақы алуы сияқты маңызды мәселерді көтерді.

Бюджеттік мекеме қызметкерлердің баспана мәселесі мен жалақысының көтерілуіне ерекше екпін қойған Расул Медетовтың айтуынша, ол аядай ғана жатақхананың бөлмесінде өскен. Мемлекеттің қолдауымен дәрігерлерге берілетін несиелік баспана-бір бөлмелі пәтерге қол жеткізгенде ол төртінші сыныпта оқыпты. Анасының жалғыз жалақысының жартысы жылдар бойы осы үйді өтеуге жұмсалған. Осы бір бөлмелі пәтерде Расул Медетов үйленіп, анасы құдалық өткізіп, үй болып, балалы болды. Қоғамда басқару ісінде жетістікке жеткендер тек танысы немесе «салмақты» көкесінің ықпал етуімен жүр деген пікір қалыптасқан. Расул Медетовтың жағдайында керісінше. Ол халық арасынан шыққан қарапайым азамат, білімге ұмтылысы мен мемлекеттің жастар үшін берген мүмкіндіктерінің арқасында жетістікке жеткенін айта кету керек.

Депутаттыққа іріктеуде осындай жастардың көзге түскені қуантады. Іріктеудің келесі кезеңдері алдағы уақытта. Елдің заң шығару ісіне Расул Медетовтей ойы терең, бірнеше тілді еркін меңгерген, өз тілінде еркін сөйлейтін, Қазақстан мен шетелде басқару және құқықтық білімін алған, тәжірибесін көрген белсенді жастардың араласуы Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне шығаратынына сенім ұялатады.


Соңғы жаңалықтар