Португалия жұртшылығы Қазақстанмен танысуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20 қыркүйек күні Қазақстан Елшісі Дәулет Батырашев Камоэнш атындағы Португалияның халықаралық ынтымақтастық және тіл институтының Президенті Жоау Рибейру де Алмейдамен бірге Лиссабонда «Қазақстан – тәуелсіздікке 30 жыл, тарихқа 556 жыл» атты көрмені ашты.

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашылу салтанатында отандық дипломат еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктері мен халықаралық сахнадағы әсерлі табыстары туралы айтып, көрме португал аудиториясы үшін көшпелі өркениеттің мұрагері болып табылатын Қазақстанмен танысуға жақсы мүмкіндік болатынын атап өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі мемлекетімізде тұрақты экономикалық өсім мен азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық және саяси реформалардан хабардар етті және португал тіліне аударылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын көпшілікке таныстырды.

Өз кезегінде, Камоэнш институтының басшысы қазақстандық көрменің ашылуымен құттықтай отырып, осы экспозиция португалдықтар арасында Қазақстан туралы хабардарлығын кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға көмектесетініне сенім білдірді және қазақстандық экспозиция Португалия астанасының мәдени өміріне өз үлесін қосатыны сөзсіз екендігін айтты.

Көрме жұртшылыққа екі апта бойы ашық болады. Келушілер Қазақстан табиғатының әсемдігімен, шексіз кеңістігімен, табиғи қорықтарымен және тарихымен, астанасы – Нұр-Сұлтан қаласымен, түркі әлемінің тарихи мәдени орталығы – Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен, сондай-ақ Қазақстан туралы көптеген кітаптарымен, соның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» және «Қазақтың Камоенші» – Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» португал тіліндегі кітаптарымен таныса алады.

Қазақстандық экспозиция екі ел халықтарының өзара танымы мен мәдени алмасуының жақсы дәстүрлерін жалғастырып, келушілерге бұрыннан келе жатқан саяхат дәстүрлерін жалғастыруға және Ұлы Дала Елі ашатын жаңа көкжиектерді көруге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар