Полицияда 3 387 мал ұрысы тіркеуде тұр - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы бес жылда еліміз бойынша мал ұрлығының фактісі 8 мыңнан 3,7 мыңға дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Сағат Мадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы бес жылда республика бойынша мал ұрлығының фактісі 8 мыңнан 3,7 мыңға дейін немесе 60 пайызға төмендегені байқалады. Жалпы ұрлық қылмыстары ішінде мал ұрлығының үлесі 3,5 пайыз шамасында», - деді С. Мадиев.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2015 жылы 19 535 мал басы, 2016 жылы – 25 432, 2017 жылы – 20 059, 2018 жылы – 15 400, ал 2019 жылы 10 942 мал басы ұрланған.

Оның сөзіне қарағанда, ұрланған 91 мың бас малдан 42,5 мыңы иесіне қайтарылды.

«Жалпы, қабылданған шаралардың арқасында соңғы 5 жылда мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер ұсталды», - деп нақтылады Сағат Мадиев.

Оның айтуынша, көп жағдайда қылмыскерлер қайталап ұрлық жасайды. Ағымдағы жылы мал ұрлығы үшін ұсталған 1 696 адамның 678-і бұрын осындай қылмыс жасаған. Қазіргі уақытта 3 387 мал ұрысы полицияның жедел есебінде тұр.

Соңғы жаңалықтар